Алматы маңында 73 шақырым айналма темір жолы салынып, үлкен сауда хабы ашылады

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Алматыда көлік-логистикалық әлеуетті дамыту бойынша бизнес-конференция өтіп, онда «ҚТЖ» ҰК Төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаев Алматы қаласы маңында 73 шақырым айналма темір жолы салынып, ол жерде үлкен сауда хабы ашылатынын айтты.

Соңғы бес жылда елімізде контейнерлік транзит тасымалы 3 есеге өскен. Әсіресе, Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша жүк тасымалы арта түскен. Ал Қытай мен Қазақстан арасындағы жүк тасымалы 2022 жылы 23 млн тоннадан асқан. Атап айтқанда, осы жылдың бірінші тоқсанында Қытаймен арадағы жүк алмасу 30 пайызға артып, экспорт 53 пайызға жеткен. Мамандар болашақта бұл көрсеткіштердің арта түсетініне сенімді. Өйткені ел басшылығының қолдауымен транспорттық логистикалық инфрақұрылым дами түсті. Сол себепті де алдағы уақытта экспорттық және транзиттік әлеует арта түседі деп болданып отыр.

Қазақстанның Экономикалық саясатына сәйкес жүктерді жеткізу, сондай-ақ транзиттік ағындарды ұлғайту және оңтайлы логистикалық бағыттарды пайдалану мақсатында жаңа баламалы бағыттарды енгізу жоспарланған. Бұл орайда жүк айналымы бойынша әлемде №1 порт саналатын «Шаньдун порт корпорациясымен» (SPG) бірлесе жұмыс жүргізілмек. Атап айтқанда, корпорация Маңғыстау облысының порттарын және Транскаспий көлік каналын жаңғырту мен кеңейтуге, сондай-ақ логистикалық парктерді, қоймалар мен жерүсті порттарын құруға өз үлесін қосады. Осы орайда Алматы қаласының маңында және Қазақстанның бірқатар облыстарында да жаңа темір жолдар салынады.

«Алматы қаласына түсетін жүктеменің артуына байланысты оған түсетін салмақты азайту мақсатында қаланы айнала темір жол салынады. Осы мақсатта біз 73 шақырымдық айналма темір жолын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жолдар Орталық Азияға соның ішінде Түркмения мен Иран елдеріне және Транскаспий бағыты бойынша тасымалданатын транзиттік жүктерді өткізу мүмкіндігін арттыра түседі. Өткен жылы Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемі 4 есеге артты. Сондықтан да Ақтау портында 19 гектар жерде контейнерлік хаб салу жоспарланып отыр. Бұл хаб вагондар мен контейнерлерді қабылдай алады. Ал осы жылдың ортасында Құрық портында сыйымдылығы 1 млн тоннаны құрайтын бидай терминалы іске қосылады», деді «ҚТЖ» ҰК Төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаев.

Ал бұл жұмыстарды жүзеге асыруға көмектесетін «Шаньдун» порты корпорациясының бас директоры Ли Фэнли:

«Біздің елдеріміздің арасындағы экспорттық әлеует жоғары. Батыста «әлемді порттар байланыстырады. Алайда порт тек теңізде ғана емес, сонымен бірге құрғақ порттардың да маңызды рөл атқаратынын айтқым келеді. Біз екі ел арасында неғұрлым қолайлы логистикалық дәліз жасағымыз келеді. Біздің топ логистика және сауда саласында жергілікті қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтастықты тереңдетуге бар күш-жігерін салады. Мақсатымыз ортақ болса, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас арта түседі», деді.

Сонымен бірге жиында Еуропа мен Ресей Федерациясынан Оңтүстік-Шығыс Азияға электромобильдер тасымалдау бойынша да белсенді жұмыс жүргізілетіні айтылды. Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің басшысы Айдын Байеділов Шаньдун порты корпорациясының басшылығы мен Қазақстан мемлекеттік органдары мен ұлттық тасымалдаушы компания өкілдерімен келіссөздер жүргізіліп, ол өз нәтижесін беріп жатқанын айтты.

«Логистикалық жеткізілімдердің тиімділігін арттыру үшін Қытай және Қазақстан тарапынан инфрақұрылым мүмкіндіктерін толық пайдалана аламыз деген ойдамын. Негізі жүк 3 ай бойы қозғалыссыз тұрмауы керек және вагондар жартылай бос жүрмеуі керек. Бұл мәселе қазақстандық кәсіпкерлер үшін, әсіресе, алматылық бизнес өкілдері үшін өте маңызды. Жергілікті бизнес үшін бұл әлемдік нарыққа, ең алдымен Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея нарықтарына экспорттау мүмкіндігін ашады», деді.

Жиын соңында Қазақстан мен Қытай елдерінің өкілдері ортақ меморандумға қол қойып, алдағы уақытта екі ел арасындағы ынтымақтастық арта түсетінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз