Жаңалықтар

“АҚШ-қа виза алып беремін”: алматылықтарды алдаған күдікті анықталды

виза
Фото: Pixabay.com

31 жастағы азамат алматылықтарға АҚШ-қа виза алып беруге уәде берген. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.

Күдікті өзін табысты өнер адамы, продюсер, сценарист ретінде көрсеткен. Бір сөзбен айтқанда, киноиндустриядағы соңғы адам емес. Ол өзін Instagram парақшасында 90 мың аудиторияға осылай таныстырды.

«31 жастағы К.есімді азамат көркемдік қызметімен қатар, АҚШ-қа виза «рәсімдеумен» айналысқандығы белгілі болды. Алдын ала мәліметке сүйенсек, ол әлеуетті тұтынушылардан алдын ала төлем алып, кейін байланысқа шығуын тоқтатқан. Полицияға арызбен 9 адам жүгінген. Олар ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігімен тіркеліп, бір өндіріске біріктірілді», – деді Әуезов аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімі бастығының орынбасары Тимур Мулинов.

Полиция қызметкерлері алданған адамдардың көбірек болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Тергеушілер ықтимал басқа эпизодтарды анықтаумен айналысуда. ҚР Конституциясының талаптарына және ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес қылмыстық іс бойынша өзге де мәліметтер жария етуге ​​жатпайды.