Күдебаев, сепаратизм және маңғыстаулық мұнайшылар: Бас прокуратура шулы істерге қатысты ақпарат берді
Фото: Асқар Ахметуллин
Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевқа қатысты іс Бас прокуратураның өндірісіне қабылданды. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді.
«Істің маңызын ескеріп, Бас прокуратура оны өзінің өндірісіне қабылдап қалды. Жедел тергеу тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының ең мықты әрі тәжірибелі тергеушілері мен жедел уәкілдері қосылды. Оның (Күдебаевтың – ред.) Қырғызстанға кеткені туралы мәлімет тарады. Сол себепті ең алдымен Қырғызстан тарапына тиісті сауал жолдадық. Ол сауалға жауап келді», – деді Бас прокурордың орынбасары.
Айтуынша, еліміздің құқық қорғау органдарының мамандары Қырғызстан тарапымен бірлесіп, сол елдің аумағында да жұмыс істеуге мүмкіндік алды.
БЕС МҰНАЙШЫ ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ
Маңғыстау облысынан елордаға келген бес мұнайшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оның айтуынша, Астанада полиция барлығы 126 мұнайшыны ұстады.
«126 мұнайшының ішінде ең белсенді 5 мұнайшы митинг өткізу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға айыппұл салынған жоқ, тек ескерту жасалды. Барлық ұсталған адам босатылып, өз өңіріне жіберілді», – деді Өмірәлиев.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи арнайы жасақтың елордаға келген жаңаөзендіктердің ұстап әкеткеніне қатысты пікір білдірді.
СЕПАРАТИЗМ БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ
Бұған дейін өзін петропавлдық белсенділер деп таныстырған бір топ адам Қазақстаннан тәуелсіздік алғандарын жариялаған. Содан кейін Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Петропавлда болған жағдайды қатаң бақылауға алу қажет екенін айтты. Ал депутат Ерлан Саиров Қазақстанда сепаратизмді насихаттайтындарға ауыр жаза барын еске салды.
Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, Петропавлдағы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық кодекстің 180-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Іс аясында ведомствоаралық тергеу тобы құрылды. Іске тиісті процесуалдық прокурорлар тартылды. Бұл іс Бас прокурордың бақылауында. Осы топтың мүшелеріне және олардың тұрғылықты жері бойынша тиісті тінту жұмыстары жүргізілді. Дәлелді заттар алынды», – деді Өмірәлиев.
Айтуынша, бір топ адам жасаған мәлімдеме бойынша сараптама тағайындалды.
«Сараптаманы Әділет министрлігі жүргізіледі. Оған орташа бір ай уақыт кетеді. Сараптама нәтижесін жуық арада аламыз. Жазаны сот береді», – деді Бас прокурордың орынбасары.