Жаңалықтар

Мәжілісмендер астық нарығын Ресейден заңсыз келетін бидайдан қорғауға шақырды

Фото: kursiv.media

Бүгін бір топ депутат ел фермерлерін заңсыз демпингтен қорғау үшін шұғыл шара қолдану керек деп мәлімдеді. Олар депутаттық сауалын ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смаиловқа жолдады. Мәжілімендер астық пен сүт өнімдерін жеткізуші шетелдік компаниялар заңсыз импорт пен демпингке барып отыр деп тұжырымдайды.

2022 жылы Ресейдегі астық өнімі рекордтық 153 млн тоннаны құраған. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Ресей Федерациясындағы қор көлемі былтырғы жылға қарағанда 44% – ке көп.

«Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес «экспорт – артықтан құтылудың ең ұтымды механизмі». бұл жағдайда ресей астығы үшін Қазақстан тартымды нарық алаңына айналғаны заңды, сарапшылар берген мәліметке сай «сұр» схемалар арқылы елге 2 млн тоннаға жуық астық әкелінген. Контрабанда көп жағдайда ешқандай есебі жүрмейтін, құжаттары жоқ автокөліктермен тасымалданған. Астықты автокөлікпен әкелуге салынған кешегі тыйым, өте кеш қабылданған шешім, себебі елге заңсыз келіп үлгірген астық көлемі 2 миллион тоннаға жетті», дейді депутаттар.

Соның нәтижесінде елімізге тиген залал мөлшері 140 млн доллардан асады. Бұл – төленбеген қосымша құн салығы мен ҚТЖ тарифі ғана.

«Ал фермерлердің шығынын есептеген адам бар ма? 2 млн қазақстандықты жұмыспен қамтып отырған сала мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі нәтижесінде өткен алты айда 500 млн $ артық табысынан қағылған» делінген депуттаттық сауалда.

Бидай нарығына заңсыз кірген импортерлер тарапынан демпинг жалғасып жатыр. Ал ресей рублінің әлсіреуі аясында теңгенің нығайуы, өкінішке қарай, оларға пайда. Өйткені тауарды Қазақстанға жеткізу құнын ескергеннің өзінде, валютаға салғанда ресей бидайының бағасы арзан шығады. 1 тонна ресей астығының бағасы 80 мың теңгеден аспайды, ал бұл қазақстандық астықтың өзіндік құнына тең.

Депутттардың айтуынша, қазақстандық сүт өндірушілердің жағдайы да мәз емес. Ресейде құрғақ сүттің профициті бар. Бұл ең алдымен ресейліктер шикі сүт өндірісін ұлғайтып, қымбат өнімдерді (йогурт, ірімшк) сату көлемін азайтып, сүт зауыттары арзан өнім өндіріп жатыр. Өзге нарықтың болмау себебінен ресейлік жеткізушілер қазақстандық сауда желілерінің сөресін өз өнімдерімен толтырып, ал отандық өндірушілер жетімнің күйін кешіп отыр.

«Нарық қатысушыларының мәліметіне сай ресейлік сүт ұнтағының бағасы жыл басынан бері 2 есеге құлдыраған. Оған себеп – жарамдылық мерзімі жақындаған өнімді сату қажеттілігі екенін атап өткіміз келеді. Қазақстандық сүт зауыттары отандық сүттің сатып алу бағасын төмендетіп, арзанға түскен алмастырғыш қолдануға мәжбүр» дейді мәжілісмендер.

Мәселе уақтылы шешілмесе, 2015 жылғы жағдай қайталануы мүмкін.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде «Республика» партиясының фракциясы астық нарығына қатысты:

  1. Алашанькоу арқылы астық пен ұн тасымалдауда туындайтын барлық кедергілерді жою үшін Үкімет ҚХР-мен келіссөздер жүргізсін.
  2. Астық пен ұнды өткізу нарығын Таяу Шығысқа қарай кеңейту.
  3. Мемлекеттік қорға кем дегенде 1 млн тоннадан кем болмайтын көлемде астық сатып алуды жүргізу.
  4. Келесі егіс науқанын үзіліссіз жүргізу үшін фермерлердің қарызын қайта құрылымдау құралдарын қарастыруды ұсынады.

Сонымен қатар «Астық туралы» заңды қайта қарап, трансферттік баға белгілеу қағидаларын бекітуді ұсынады.

Сүт нарығы бойынша:

  1. Импортталатын сүт өнімдерінің кіріс бағасына толық талдау жүргізу.
  2. Жосықсыз өндірушілер мен құрғақ сүтті сақтау мерзімдерін бақылау үшін күшейтілген зертханалық бақылау енгізу
  3. Контрабанданы әкелудің алдын алу үшін шекарадағы бақылауды күшейту
  4. Отандық өнім өндірушілер үшін «Қазақстанда жасалған» белгісін барлық жерде пайдалана отырып, жергілікті тауарға сауда желілеріндегі неғұрлым тиімді орындар мен сөрелерді басым тәртіппен ұсыну.
  5. Тауарды тек теміржол көлігімен кіргізуге рұқсат етуді ұсынып отыр.

Күні кеше АШМ Ресейден автокөлікпен тасымалданатын бидайға тыйым салатын бұйрыққа қол қойды. Алайда сарапшылар бидайды тек автокөлікпен тасымалдауға шектеу қою, нарыққа әсер ете қоймайды деп тұжырымдайды.