Жаңалықтар

Олар кінәсіз: Жигули Дайрабаев сотталған ұлдарына қатысты мәлімдеме жасады

Жигули Дайрабаев
Фото: Ашық дереккөздерден

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев сотталған ұлдарына қатысты алғаш рет мәлімдеме жасады. Ол екі ұлын кінәсіз деп есептейтінін, олардың апелляциялық сотқа жүгінетінін мәлімдеді.

«Ұлдарыма байланысты туындаған мәселе бойынша көпшілігіңіз депутат, әріптес ретінде қолдау көрсетіп жатырсыздар. Моральдық жағынан әділдік танытып, құқықтық жағынан сауаттылық білдіргендеріңізді жоғары бағалаймын. Ұлдарымды кінәлі деп есептемеймін. Олар әділдік үшін күреседі. Апелляциялық сотқа жүгініп, абыройын қорғауға мүдделі. Ендеше мен Мәжілістен не үшін кетуім керек?», – деді Дайрабаев мәжіліс отырысында.

Депутат өзіне ауыл тұрғындары мен шаруалар, «Ауыл» партиясы үлкен үміт артып отырғанын айтты.

«Көптеген өткір мәселені қолға алып, жұмыс істеуім керек», – деді Дайрабаев.

Айта кетейік, 2023 жылдың 6 сәуірінде Тараз қаласының №2 соты алаяқтық, яғни адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша айыпталған 4 тұлғаға үкім шығарды. Оның ішінде мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың екі ұлы бар.
Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, екеуі де 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Ал Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлекеев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Кәсіпкер Елжан Елібайдың мүлкі тәркіленіп, 5 жылға сотталды.
Олар субсидиялау қағидаларын бұзып, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде шығын келтірген.