«Самұрық-Қазына» тендер өткізу Ережелерін өзгертуі тиіс – Еділ Жаңбыршин

Жарияланды

Фото: facebook.com/edilzhа

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин, палата отырысында Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, батыс өңіріндегі мұнай-газ кәсіпорындарында қызмет көрсететін сервистік компаниялардың жұмысшыларының ереуілдері жиілеп кеткеніне назар аударды.

Оның айтуынша, күні кеше жаңаөзендік бір топ мұнайшының да Астанада наразылық өткізуіне тендер ережелеріндегі шикілік себеп болып отыр. Сонымен қатар, кешегі сайлауалды үгіт-насихат кезінде бірнеше сервистік компаниялар «Самұрық-Қазына» Әл-Ауқат Қорының» Ережелерінің талаптарының ескіргенін және қазіргі жағдайға сәйкес келмейтінін айтып, шағымданған болатын.

«Маңғыстауда бір жауапкершілігі шектелген серіктестік жұмыссыздық белең алған Жаңаөзен қаласында, Жетібай кентінде, Мұнайлы ауданында цехтар ашып, негізінен жергілікті әйел азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, мұнай компанияларына арнайы киім тігуді қолға алған болатын. Алайда, жыл сайын өтетін тендерлердің кесірінен контракт ала-алмай қалса немесе баға демпингісінен контракт сомасы едәуір төмендесе 90% жұмысшылары жұмыссыз қалайын деп отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады», деді Жаңбыршин

Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жетінші шақырылымында Маңғыстаудағы жұмыссыздыққа және еңбек дауларына қатысты мәселелерді депутаттар көтергенімен, Үкімет, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» және жергілікті атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыстар жасалынбаған. Оның сөзінше Үкімет комиссиясын құру жөнінде Әлихан Смайыловқа жолданған хатқа сол күйі жауап болмаған.

«Сервистік және басқа да мердігер компаниялар бюджетке салығын төлеп, өздеріне инвестиция құйып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүдделі, бірақ келесі факторлар: тендерлердің әділетсіз өтуі, жемқорлық, тарифтердің төмендігі, баға демпингісі және басқа да мәселелер оған мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде компаниялардағы жалақы деңгейінің төмен болуына, әлеуметтік пакеттердің төленбеуіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, техникалардың жаңаланбауына себеп болып отыр. Айта кететін жайт, өткен сенбі күні Ақтау қаласында ереуілге шыққан «БерАли Маңғыстау Company» мекемесінің басшыларымен кездестім, жоғарыда келтірілген кемшіліктерді оларда айтты», дейді депутат.

Сондықтан Еділ Жаңбыршин «Самұрық-Қазына Әл-Ауқат Қоры» өздерінің Ережелеріне келесі өзгерістерді шұғыл түрде енгізу қажет деп есептейді:

Бірінші, баға демпингісіне шектеу қою. Мысалы тендер кезінде бағаны 10 пайыздан төмен түсірмеу керек;

Екінші, сервистік компаниялармен көпжылдық келісім-шарттарға отыру сұрағы шешілсін, яғни компаниялардың жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.

Үшінші, тендерге шығарылатын жұмыстар мен қызметтердің қаржы көлемінде еңбек ақы қоры және әлеуметтік пакет бөлек көрсетіліп, ол баға ойынына түспеуі керек.

«Бұл жұмысшылардың дұрыс жалақы алуына, әлеуметтік жағынан қорғалуына кепілі болады және тендерді ұтып алған компаниялардағы жағдайды мемлекеттік органдар мен тапсырыс беруші тарапынан бақылап отыруға мүмкіндік туады» дейді Еділ Жаңбыршин.

Бұдан бөлек, депутат кешегі дау туғызған тендерлік процедураларды жан-жақты зерттеп, егер кемшіліктер анықталса тиісті шешім қабылдамаған квазимемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі қаралуын сұрап отыр. Конституцияға сәйкес еліміздің байлығы халыққа тиесілі, яғни қазба байлық тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі керек деген Мәжіліс депутаты «Самұрық-Қазына» Әл-Ауқат Қоры» және оның портфельдік компаниялары жаңаша, ашық, әділ жұмыс жасап, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға нақты қадамдар жауын сұрап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз