Полиция Жаңаөзенде азаматтардың бөлімшеге жеткізілуіне қатысты мәлімдеме жасады

Жарияланды

12 сәуір күні таңертең Жаңаөзен қаласында бір топ азамат қала тұрғындарының көлік қозғалысына кедергі келтіріп, жолды жауып тастады. Бұл туралы Маңғыстау облысы Полиция депертаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қоғамдық қауіпсіздікті және көлік құралдарының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері оларды профилактикалық әңгіме жүргізу үшін Жаңаөзен қаласы полиция басқармасына жеткізді. Мұндай іс-әрекет ҚР ӘҚБтК-нің 614-бабы (Көлiк құралдарының жүруіне кедергi келтіру) бойынша шара қолдануға және ол 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жауаптылыққа әкеп соғады» делінген Маңғыстау облысы Полиция департаменті таратқан баспасөз хабарламасында.

Жаңаөзенде ұсталған 24 адам осындай заңсыз әрекеттерге жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізгеннен кейін үйлеріне жіберілген.

10 сәуір Жаңаөзен мұнайшылары елордаға келіп, Энергетика министрлігінің алдына жиналған. Оларды басты талабы – тұрақты жұмыс және лайықты жалақы болды. Алайда ҚМГ Жаңаөзенде өзге де жұмыссыздар жұмыс күтіп кезекте тұрғандықтан, олардың талабын орындау мүмкін емес деп мәлімдеген еді. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «керек болса, мұнайшылардың алдына шығатынын» айтты.

11 сәуір ҚМГ мен бір топ мұнайшылар келіссөз жүргізіп көргенімен, ол нәтижесіз болды. Олар өздеріне тұрақты жұмыс керек деп, компания ұсынысынан бас тартты.

Кеше кешке бейбіт тұрған мұнайшыларды елорданың күш құрылымдары автозагқа тиеп алып, полиция бөлімшелеріне жеткізді. Түнде Мағыстау, Ақтау облыстары орталықтарының, Жаңаөзен қаласының тұрғындары, ірі мұнай кеніштерінің қызметкерлері ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етіп, көшеге шықты.

Сондай-ақ оқыңыз