Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін несиелеу шарты өзгереді
Фото:shutterstock.com
Жақында Ұлттық экономика министрлігінде әлеуметтік кәсіпкерлік мәселесіне байланысты жиын өтті. Ашық пікірталас форматында өткен жиында сөйлеген министр Әлібек Қуантыров Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының кең ауқымы қарастырылғанын айтты. Ол жеңілдіктер қатарына салық жеңілдіктерін, қаржылық және ақпараттық қолдауды жатқызуға болады.
Ведомство басшысының айтуынша, осы жылдың ақпан айынан бастап әлеуметтік кәсіпкерлер үшін Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды.
Тиісті тізілімге енгізілген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері салалық шектеусіз жеңілдетілген несие алуға үміткер бола алады. Яғни, 7% мөлшерлеме бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, инвестициялық мақсатқа – 1,5 млрд. теңгеге дейін несие қарастырылған. 500 млн теңге – айналым қаражатын толықтыруға арналған.
Сондай-ақ оларға инвестициялық мақсатқа 20 млн теңгеге дейін несие, айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін 7% мөлшерлемемен шағын несие берілетін болады.
«Министрлік әкімдіктерге жеке бизнесті қолдау кезінде әлеуметтік кәсіпкерлер үшін басымдықтарды анықтауды ұсынды. «Даму» қорының, жергілікті бюджеттің және басқа да көздердің аралас қаражаты есебінен түпкілікті мөлшерлемесі 1%-ды құрайтын ШОБ субъектілерін қолдаудың өңірлік бағдарламалары шеңберінде несиелер/микрокредиттер бойынша субсидиялар берілетін болады», деді Ұлттық экономика министрі.
Қаржылық емес қолдау шаралары аясында
- бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсету,
- кәсіпкерлерге ақпараттық-талдамалық қолдау көрсету,
- «іскерлік қарым-қатынастар» құралы
- «Мен – Кәсіпкер» жобасы бойынша бизнесті жүргізуді оқыту қарастырылған.
Сондай-ақ кездесу барысында осы саладағы өзекті проблемаларға қатысты мәселелер көтерілді. Олар – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін бағалаудың бірыңғай критерийін құру, жобаларды іріктеу, комиссия құрамын қайта қарау, тізілімді қалыптастыру, несие беру кезінде екінші деңгейлі банктердің кепіл саясаты.
Айта кетейік, әлеуметтік кәсіпкерлік – бизнестің жас саласы, негізінен қоғам мен азаматтардың әлеуметтік түйткілдерін шешуге бағытталған кәсіп түрі. Қазіргі уақытта отандық әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің реестрінде 500 кәсіпкер тіркелген. Мамандар әлеуметтік кәсіпкерліктің керемет пайда түсірмейтінін айтады. Өйткені бұл кәсіптің даму және қызмет көрсету аясы шектеулі болғандықтан тәуекелі де тым жоғары.
Қазір Қазақстанда мүгедектік дәрежесі бар 400 мыңнан астам еңбекке қабілетті азаматтар бар, олардың тек 20 мыңы ғана жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың арқасында аталған ерекше қажеттіліктері бар адамдарды, зейнеткерлік жастағы адамдарды жұмыспен қамтуға және табыстарын өсіруге мүмкіндік туады.
Бұл мәселеге «Атамекен» ҰКП да ерекше назар аудара бастады. «Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту, шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің басқарушы директоры Айдана Тоғызбаеваның айтуынша, Ұлттық палата еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға мүдделі.
«Өңірлік кәсіпкерлер палаталары қазірдің өзінде тізілімді қалыптастыру жөніндегі арнайы комиссияның жұмысына қатысып, әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуетті субъектілерін тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жәрдемдесіп жатыр. Сарапшылық пікірлерді келісу, түйткілді мәселелерді талдау және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу мақсатында осы жылдың басында ҰКП Төралқасы жанындағы Адами капитал және бизнестің әлеуметтік саясатын дамыту комитетінің жанынан әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі қосалқы комитет құрылды», дейді Айдана Тоғызбаева.
Қосалқы комитеттің жетекшісі Әйгерім Жаналинованың айтуынша, қазіргі кезде қосалқы комитет тізілімді жүргізуді цифрландыру, қаржылай қолдау шараларын әзірлеу, сертификаттау және халық арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті танымал ету сияқты өзекті мәселелерді көтеріп жатыр.
Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігіне әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу және тізілімге енгізу тәртібін оңайлату жөнінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне есту және көру қабілеті бұзылған адамдар үшін «Бастау Бизнес» платформасында кәсіпкерлерді офлайн оқытуды қамтамасыз ету жөнінде хаттар жолданған.