АҚШ Ресейдің атом өнеркәсібіне санкция салды

Жарияланды
Фото: Shutterstok

АҚШ Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының құрамына кіретін кәсіпорындарға қарсы санкциялар пакетін жариялады. Атап айтқанда, Росатом жобаларын шетелде дамытуға жауапты «Русатом Оверсиз» компаниясына қатысты шектеулер қойылды.

АҚШ Ресей мен басқа да мемлекеттердің 34 жеке және 120-дан астам заңды тұлғаларына қарсы санкция салды. Тиісті тізімді 12 сәуірде АҚШ Қаржы министрлігі жариялады. Оның құрамына, басқалармен қатар, ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясының құрылымына кіретін кәсіпорындар кірген.

Солардың бірі – «Русатом Оверсиз» АҚ. Ол кәсіпорын «Росатомның» ядролық технологиялар саласындағы, соның ішінде сутегі энергетикасы саласындағы энергетикалық емес шешімдерін халықаралық нарыққа жылжытумен айнлысады. «Русатом Оверсиз» компаниясының президенті Евгений Пакерманов та осы жолғы санкциялар тізіміне енді.

«Коммерсантъ» газетінің жазғанына сенсек, «Русатом Оверсиз» компаниясына түсетін пайда көп емес. Атап айтсақ, бұл компанияның 2022 жылғы табысы бухгалтерлік есептерде 7 миллиард рубль деп көрсетілген. Ал таза табысы – 1,2 миллиард рубльді құрайды. 2021 жылдың көктемінде компания француздық Air Liquide компаниясымен бірлесіп Сахалинде сутегі өндіру кешенін салу жобасын бастады.
Дегенмен, 2022 жылдың 2 қыркүйегінде Air Liquide «геосаяси жағдайға байланысты» Ресейден шығатынын жариялады. Қазіргі таңда Rusatom Overseas веб-сайтында компанияның Боливиядағы «әлемдегі ең жоғары ядролық зерттеулер мен технологиялар орталығын» салуға қатысып жатқаны туралы жазылған.
Rusatom Overseas-тен басқа санкция салынған тізімде атомдық станциялардың реакторлық жабдықтарын монтаждау, жөндеу және демонтаждау технологияларын әзірлейтін «АТОМСТРОЙ монтаждау технологиясының ғылыми-зерттеу және жобалау институты», сондай-ақ Ковров механикалық зауыты мен Владимирдегі «Точмаш» өндірістік бірлестігі бар. Бұл кәсіпорындар уранды байытуға арналған центрифугаларды шығарады.
Сонымен бірге ЕО Ресейдің атом өнеркәсібіне қарсы санкцияларды да талқылап жатыр. «Росатом» АҚШ жаңа санкциялар пакетіне қатысты пікір білдірмеді. «Коммерсантқа» сұхбат берген сарапшылар тікелей мемлекеттік корпорацияның өзіне санкция салынбағандықтан, шағын кәсіпорындарға салынған шектеулер компанияның қызметіне айтарлықтай әсер етпейді деп есептейді.

Ресейдің атом өнеркәсібіне қарсы санкциялар Еуро Одақтың ақпан айының соңында қабылданған оныншы санкциялар пакетіне енгізілуі тиіс еді. Американың Politico басылымы инсайдерлерге сілтеме жасай отырып, ол кезде Еуро Одақ Венгрияның ықтимал ветосын айналып өту үшін шектеуді бүкіл мемлекеттік корпорацияға емес, «Росатомның» жекелеген қызметкерлеріне қарсы қабылдамақ болғанын жазған. Алайда кейін бұл идеядан бас тартқан.

5 ақпанда Украина Росатомға және Ресей Федерациясының атом өнеркәсібіне қатысы бар фирмаларға санкция салды. «Ресей атом өнеркәсібін басқа мемлекеттерге қысым көрсету құралы ретінде пайдаланып, сыртқы экспансия элементтерінің бірі ретінде пайдаланады», деді Владимир Зеленский. Украина президенті Мәскеудің өз әскерилеріне атом электр станцияларын атқылатып, АЭС-ті қорғаныс ретінде пайдаланатынын айтты.

«Мұның барлығы Ресей атом өнеркәсібінің жаһандық санкцияларға ұшырауы үшін жеткілікті», деген Зеленский өз мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, Зеленский Батыс елдерін Ресейдің шетелде бұғатталған активтерін Украинаны қалпына келтіруге жұмсауға рұқсат етуді сұрап отыр. Ал, «ҚазАтомӨнәркәсіп» компаниясының басшысы қазақстандық өнімге сұраныс артатынын болжап отырғанын мәлім еткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз