Астана, Алматы, Қарағанды: Экология министрлігі ауасы ең лас қалаларды атады
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық мониторинг жүргізіп, нәтижесінде еліміздің 8 қаласында атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейге көтерілгенін анықтаған. Олар – Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш және Өскемен қалалары. Бұл жайлы Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасы міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев айтты.
Аталған қалалардағы экологиялық жағдайды нашарлататын негізінен жылу электр станциялары екен. Мәселен, Алматыдағы көк түтін мен зиянды қалдықтардың 97 пайызын жылу электр станциялары шығарады екен. Сол себепті де, министрлік мұндай энергетикалық нысандарды реконструкциядан өткізіп, газбен жылытуға көшіруді жоспарлап отыр.
Осы мақсатта ЖЭС-3 нысаны 2025 жылы, ал ЖЭС-2 нысаны 2026 жылы толықтай газбен жылытуға көшіріледі. Бұл өз кезегінде ЖЭС-2 бөлетін зиянды қалдықтарды 93 пайызға, ЖЭС-3 нысанының қалдықтарын 88 пайызға дейін азайтады екен. Сарапшылар бұл шаралар толық аяқталғанда Алматы ауасы біршама жақсарады деген сенімде.
Ал еліміздегі жағдайға келер болсақ, 2022 жылы ластаушы заттар шығарындыларының жалпы көлемі 4,2 млн тоннаны құраған. Бұл 2021 жылға қарағанда 200 мың тоннаға аз екен.
«Эмиссияларды реттеу шеңберінде министрлік 2023 жылға арналған шығарындылар лимитін төмендетуге қол жеткізді. Мысалы, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ шығарындылар лимиті 39 мың тоннаға азайды. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ – 5 мың тоннаға, «Теңізшевройл» ЖШС – 1000 тоннаға азайды», дейді Айдар Абдуалиев.
Министрлік өкілі өткен жылы шаруашылық жүргізуші субъектілерге экологиялық заңнаманы сақтау бойынша 1 627 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 5,8 млрд теңгеге әкімшілік айыппұл салынғанын айтты. Ірі көлемдегі мұндай айыппұл Атыраудағы ауаның ластануына қатысы бар болуы мүмкін Атырау мұнай өңдеу зауытына да салынған екен. Бүгінгі таңда комитет АМӨЗ-де тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, егер заң бұзушылықтар анықталса, зауытты сотқа беретінін тіпті қажет деп тапса, комитет зауыт жұмысын тоқтатып қоюға да құзіретті екенін айтты.
Негізінен елдегі экологиялық жағдайды реттеу үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес 2020 жылдан бері министрлік қалалар мен облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп өңірлердің экологиялық проблемаларын шешуге кіріскен. Бұл мақсатта арнайы Жол картасы әзірленіп, 485 шараны жүзеге асыру көзделген екен. Соның бүгінгі таңда 158-і аяқталған.
«Экологиялық жағдайды жақсартудың пәрменді тетіктерінің бірі – өнеркәсіптің ең озық қолжетімді технологиясын енгізу. Озық технологияларды енгізу арқылы біз 10 жыл ішінде эмиссияларымызды шамамен 50%-ға төмендете аламыз. Ал биылдан бастап кәсіпорындар шығарындылар көздерінде автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатпақ. Бұл деректерді онлайн режимде алуға, эмиссиялардың көрсеткіштерін қадағалауға, заң бұзушылықтарға уақытылы ден қоюға, халыққа шынайы және жедел ақпарат ұсынуға мүмкіндік береді», – дейді Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасың міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев.
Экологтардың назарынан даладағы жабайы қоқыс полигондары да тыс қалмаған. Мамандар ғарыштық мониторинг шеңберінде 2022 жылы 5683 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісін анықтаған. Олардың 4331-і жойылып, 77% пайызына дейін тазартылған. Мұндай қоқыс үйінділерінің ең көбі Ақмола, Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында анықталған.
Сонымен бірге жиында Каспий теңізінің жағдайы да тілге тиек етілді. Экологтар 2006 жылдан бастап тартылып келе жатқан Каспий теңізіне қатысты мәселелердің көп екенін айтады. Бүгінде Каспийге құятын өзендердің арнасы суала бастаған. Сондықтан да Каспийдің де Арал сценарийін қайталауы ғажап емес. Осы мәселені шешу үшін министрлік трансшекералық елдермен бірлесіп арнайы иниститут құруды ойластырған. Бірақ ол институттың қашан құрылатыны және қалай жұмыс істейтіні әлі нақтыланбаған.
Бұған дейін Экология министрлігі Атырау қаласын басқан көк түтінге байланысты мәлімдеме жасаған болатын.