Лицензиясынан айырылған банктегі несиені депозитпен жабуға бола ма?
Фото: kursiv.media
Кейбір клиенттердің бір банкте депозиті де, кредиті де болады. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Ал егер банкті лицензиясынан айырса, олардың тағдыры не болады? Қарызды депозиттегі ақшаның есебінен өтеуге бола ма? Бұл сұрақтарға Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жауап береді.
«Таратылатын банктің бір мезгілде салымшы алдында оның депозитін қайтару бойынша міндеттемесі және қарызы немесе басқа да борыштары бойынша оған қарасты талабы болса, мұны «қарсы талап» деп атайды және бұл жағдайда «өзара есепке алу» шарасы жүргізіледі. Клиенттің салымындағы сома мен оған қатысты банктің қарсы талабы жеке тұлғаларға кепілді өтем төлеу алдында есепке алынады. Бұл жағдайда салымшы банк алдында қарыз алушы/тең қарыз алушы немесе қандай да бір міндеттеме бойынша кепілгер болады. Заң бойынша өзара есепке алуды банктің уақытша әкімшілігі жүзеге асырады», дейді мамандар.
«Өзара есепке алу» нәтижесі былайша қалыптасуы мүмкін:
- Егер салымшының қарызы, депозитіндегі ақшасынан асатын болса, онда ол кредитінің қалған бөлігін әрі қарай өтеуді жалғастыруы тиіс.
- Егер клиенттің депозитіндегі сомасы қарызынан жоғары болса, онда «өзара есепке алудан» кейін ҚДКБҚ салымдағы қалдық ақшаны кепілдік берілген сомада өтейді.
Таратылатын банкте тек кредит болған жағдайда, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңға сәйкес, егер банкті барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айыратын болса, қарыз алушы өзінің кредиті бойынша берешегін әрі қарай өтеуге міндетті.
Банк таратылатын болса да борышкердің міндеттемесі өзгеріссіз қалады. Кредиттердің өтелуін банктің тарату комиссиясы қадағалайды. Егер қарызды өтеуге арналған деректемелер өзгеретін болса, комиссия бұл туралы қарыз алушыға алдын ала және дербес түрде хабарлайды.
Бұған дейін ҚДКБҚ депозиттердің шекті мөлшерлемесі қалай бекітілетініне түсініктеме берген еді.