Зеленский Украинаны қалпына келтіру үшін Ресейдің шетелдегі 14,1 млрд доллар активтерін сұрады

Жарияланды
Зеленский
Фото: Shutterstock

Украина президенті Владимир Зеленский әлемдік қаржы көшбасшыларының Вашингтонда өткен кездесуінде мемлекетті қалпына келтіру үшін шұғыл түрде 14,1 миллиард доллар қажет екенін айтып, бұл шығындарды шетелде бұғатталған ресейлік активтер есебінен өтеуді сұрады, деп жазады Bloomberg.

Зеленскийдің пікірінше мұндай өтем төлеу басқа әлеуеті зор агрессорлардың тәбетін тежейді.

«Ресей келтірген залалды өтеу үшін бұғатталған ресейлік активтерді пайдаланудың нақты тетіктерін әзірлеу қажет», – деді Украина президенті.

Сонымен қатар Ресейден өтемақы алудың маңызын атап өтті.

«Адамдар елге қайтып оралуы үшін және агрессор тек ұрыс даласында ғана емес, толықтай жеңілуі үшін бізге осындай қолдау бағдарламасын бекіту керек», – деді Зеленский бейнеконференция арқылы сөйлеген сөзінде.

Ақпан айының соңында АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен Киевке тосын сапармен барып, АҚШ-тың Украинаны қолдайтынын айтқан. Содан кейін Зеленский Telegram-да Америка Құрама Штаттары Украинаға соғыстың алғашқы күндерінен бастап қару-жарақпен ғана емес, қаржылық жағынан да қуатты қолдау көрсетіп келе жатқанын жазды. Сол күні Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль Йелленмен Ресейге қарсы қосымша санкцияларды, соның ішінде Украинаны қалпына келтіру үшін тыйым салынған ресейлік активтерді тәркілеу мәселесін талқылады.

Өз кезегінде Джанет Йеллен журналистерге берген пікірінде Ресей орталық банкінің 300 миллиард долларға жуық бұғатталған активтерін тәркілеуде әлі де күрделіқұқықтық кедергілер бар екенін айтқан.

Ресей 2022 жылдың 24 ақпанында Украинаға соғыс ашты. Артынша Путин ДХР мен ЛХР тәуелсіздігін мойындады. (Оларды Қазақстан және әлем елдері мойындаған жоқ). Ресей Федерациясының басшысы Украинада демилитаризация және денацификация жасайтынын мәлімдеді. Соғысып жатқан екі тараптың да шығыны бүгінде ондаған мың адамға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз