2023 жылғы ТОП-3 технология

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Жасанды интеллект арқылы жасалған технологиялар қарыштап дамып келеді. Демек, ғалымдар, инженерлер мен бағдарламалаушылардың алдағы жылдары сүйенетін тенденциялары да өзгеріп отырады деген сөз. Бүгінгі материалымызда 2023 жылы пайдаланылатын, көбі күтіп жүрген технологиялардың үздік үштігі жайлы айтамыз. Олар өмірдің бірқатар саласына еніп, медицина, ғылым, білім, бизнеске көптен көп көмегін тигізеді деген жоспар бар.

Дижитал сыңар

Бұл технология әлі шақалақ секілді жап-жас. Бірақ архитектор, инженер, әскери саланың мамандары, ірі кәсіпорын иелері осы технологияға баса назар аударып отыр. Мысалы зауыттың дижитал сыңарын жасау арқылы кәсіпорын жұмысын оңтайландырудың түрлі моделін ойластыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы бизнес иелері табысты еселеп көбейтудің қай әдісі дұрыс екенін бағамдап, сол бағыт бойынша жылжиды. Одан бөлек, болуы мүмкін қателердің де алдын алуға болады. Шығынды азайтып, сапа бақылауын жақсартуға жол ашылады. Аталған технология түрлі салада қолданылады: өндіріс, әскери өнеркәсіп және т.б. Шығынды азайтып, пайданы көбейтіп, өнімділікті арттырып, жақсы нәтижелер көрсетіп отыр.

Десек те, цифрлық көшірме технологиясы физикалық нысандардың виртуал копиясын жасаумен ғана шектелмейді. Одан бөлек, жұмыс процесін модельдеп, құтқарушылық миссиялар, террорлық қауіп, әуе, жерүсті және теңіз операциясының да симуляциясын жасай алады. Бұл арқылы күштік құрылымдар мен әскери ведомстволар машығын ұштап, эксплуатациялық шығындарды барынша азайта алады. Сәйкесінше, техниканың бұзылу қаупі де төмендейді.

Дижитал сыңар технологиясы хакерлер шабуылының симуляциясын да жасай алады. Бұл эксперттерге киберқауіпсіздік бойынша шаралар атқаруға мүмкіндік береді. Сонда бұзып алу, мәліметтерді ұрлау азаяды. Түрлі қолданба жасаумен айналысатын бағдарламалаушылар нейрон желілері базасында осы технологияны пайдаланып, жобаларының кем-кетігін түзеу үшін де сынап көрсе болады. Білім беру, медицина және әлеуметтану салаларында да кеңінен қолданылуы мүмкін.  

Internet of things немесе заттар интернеті

Бүгінде IoT сенсорлары түрлі салада қолданылып жүр. Соның ішінде көпшілікке етене танысы — «ақылды үйлер». Яғни телевизор, смарт-колонка, жарық жүйесі, есік пен терезе, тоңазытқыш және өзге де құрылғылар өзара байланысып, бір-біріне ақпарат жібере алатынын білеміз. Бұл әрі адамға үйге кім келгенін қарап отыруға, ұры кіріп жатқан болса алдын-ала сигнал алуға мүмкіндік беретін технология. Тоңазытқыш ішіндегі азық-түліктің азайғанын біліп, алу керек заттардың тізімін жасап бере алады. Колонка арқылы күнде таңертең белгілі бір әмірлеріңізді орындатып, не жаңалық қосуға, не сүйікті плейлистіңізді белгілі бір ретпен қосуға тапсырма берсеңіз болады. Бұдан бөлек, осыған ұқсас, бірақ әлдеқайда ірілеу жүйелер медицина, әскери, құқыққорғау салалары мен ғалымдар арасында қолданылады. Бірақ өнімдер түрлі платформада жұмыс істейтіндіктен, кейде бір-бірімен байланыспай қалуы мүмкін. Бірақ бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деседі. Өйткені қазіргі таңда Заттар интернетінің барлық құрылғысына бірдей сәйкес келетін стандарттар мен хаттамалар әзірленіп жатыр. IoT желісі жаһанды жаулап келеді десек, артық емес. Себебі бүгінгі таңда әлем бойынша ондаған миллион құрылғы бар. Бұл тренд биыл да жалғасады.  

Кванттық есептер   

 Microsoft, Intel, IBM, AWS және Google секілді алпауыт компанияларда өзінің кванттық компьютерлері бар. Бұл құрылғылардың жүйесі ауыр әрі күрделі. Ғалымдардың айтуынша, тіпті суперкомпьютерді шаңына ілестірмейді екен. Айтпақшы, қытайлық SpinQ Technology компаниясы сатылымға өз кванттық компьютерін шығарды. Бағасы да қымбат емес — 8900 доллар.  Gemini Mini деген құрылғылары қолданушыларға кванттық есептер принципін түсіндіре алады. Бұған қатысты түрлі пікір бар. Кейбірі әлі шала деседі. Бірақ бір нәрсені анық айта аламыз: кванттық компьютер, телефон, интернет және байланыс деген күні ертең шыға қалуы әбден мүмкін. Демек, алдағы уақытта бұл технологияларды кез келген адам қолдана беретін болады. Бүгінде зертханадан, оқу орындары мен қоғамдық және үкіметтік ұйымдардан ғана көріп жүрміз. Ғалымдардың қатты мән беріп отырған бір саласы — кванттық шифрлеу. Осы әдіс арқылы ақпаратты қорғап, алаяқтарға бұзуға мүмкіндік бермеуді мақсат тұтады.     

Сондай-ақ оқыңыз