Электронды коммерция: жергілікті нарық үлесі халықаралық сауда-саттықтан жоғары тұр
Фото: shutterstock.com
PwC Kazakhstan компаниясы Цифрлы Қазақстан Қауымдастығымен бірлесіп бөлшек электронды коммерция нарығына талдау жасаған. Іргелі зерттеуге Mechta.kz, Kaspi.kz, Sulpak, Halyk Market, Қазақстандағы Ozon Marketplace, ForteMarket және құпиялылықты сақтауды өтінген өзге де респонденттер қатысқан. Зерттеуде жеке тұлғаларға қатысты онлайн сатылым және беру нүктелері мен дүкендерден алып кету және жеткізіп беру деректері қамтылған. Бұл ретте теміржол, әуе билеттерінің сатылымы, хабарландыру сайттары, тамақ жеткізу, купондық сервистер, коммуналдық және басқа да төлемдер енгізілмеген.
«Бөлшек электронды коммерция индустриясы соңғы 5 жылда әжептәуір өсті және бүкіл әлемде тұтынушылардың мінез-құлқына әсер ету арқылы дамуды жалғастырып жатыр. Пайдаланушылар онлайн отырып тауарлар мен қызметтер бағасын жедел әрі оңай салыстыра алады. Сондай-ақ уақыты мен ақшасын үнемдейді. Қазір электронды коммерцияның дамуын зерттеу мен бақылау бизнес үшін тек қана қызығушылық емес, тұрақты аналитиканың қажетті элементі. 2022 жылдың турбулентті және түсініксіз болғанына қарамастан Қазақстандағы электронды коммерция нарығы өзінің қалыпты өсімін жалғастырды және 1,3 трлн теңгені құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 30 пайызға жоғары көрсеткіш. Біздің талдауымыз бойынша, нарық өсіміне әсер еткен маңызды фактор – елдегі цифрландырудың жоғары деңгейі және тұтынушылар тарапынан онлайн саудаға деген өскен сұраныс. Мысалы, БҰҰ деректер базасына сәйкес, 2022 жылы Қазақстан әлемде электронды қатысу деңгейі (EPI) бойынша 15-орын және электронды үкіметті дамыту (EGDI) бойынша 28-орын алды. Жалпы бөлшек саудаға электронды бөлшек сауданың кірігуі де жақсы жүріп жатыр. 2022 жылы көрсеткіш 8,2 пайыз болды (2021 жылы – 7,5 пайыз)», дейді Еуразия өңіріндегі консультациялық практика лидері Наталья Лим.
Маркетплейс арқылы сатылымның жылдық өсімі 33 пайызды құраса, онлайн дүкендеріндегі сауда-саттық көрсеткіші 19 пайызға артқан.
Тоқсан бойынша транзакция санының өзгеріс динамикасы айтарлықтай айырмашылық көрсеткен. Транзакцияның жалпы саны – 49 млн бірлік. 2021 жылғыдан 33 пайызға көп. Орташа чек сомасы 3 пайызға төмендеп, 27,5 мың теңгені құраған.
«Бұл ретте транзакция саны жеткізу құнына тәуелді. Орташа чекке халықтың нақты табысы, инфляция және транзакция саны әсер етеді. 2022 жылы онлайн-дүкендердегі транзакция орташа сомасы маркетплейс арқылы жасалған сауданың орташа сомасынан асып түсті. Сөйтіп, 2021 жылға қарама-қайшы тренд байқалды. Жергілікті сауда алаңдарындағы транзакцияның орташа сомасы халықаралық алаңдардағы сауда сомасынан 5 есе жоғары болды», делінеді зерттеуде.
Бөлшек электронды коммерция нарығының көлемі:
- 2019 жылы – 327 млрд теңге,
- 2020 жылы – 596 млрд теңге (+82 пайыз),
- 2021 жылы – 1040 млрд теңге (+74 пайыз),
- 2022 жылы – 1349 млрд теңге (+30 пайыз).
Жасалған транзакциялар саны:
- 2019 жылы – 21,1 млн бірлік,
- 2020 жылы – 25,4 млн бірлік (+20 пайыз),
- 2021 жылы – 36,9 млн бірлік (+45 пайыз),
- 2022 жылы – 49,0 млн бірлік (+33 пайыз).
Орташа чек сомасы:
- 2019 жылы – 15,5 мың теңге,
- 2020 жылы – 23,5 мың теңге (+52 пайыз),
- 2021 жылы – 28,2 мың теңге (+20 пайыз),
- 2022 жылы – 27,5 мың теңге (- 3 пайыз).
Бөлшек электронды коммерциядағы маркетплейстерден сату үлесі: 2021 жылы – 82 пайыз, 2022 жылы – 89 пайыз.
2022 жылы екінші тоқсанмен салыстырғанда сатылымның 29-30%-ға біркелкі өсімі байқалады.
«Бірінші тоқсанда өткен жылдарға сәйкес мерекеден кейінгі сатылымдардың күтілетін төмендеуі байқалды. Сондай-ақ, 35% пайыздық төмендеу соңғы Ковидке дейінгі кезеңдегі үрдістерді қайталағанын көруге болады, бұл пандемия салдарынан кейін нарықтың дамуының қалыпқа келуін көрсетуі мүмкін. 2022 жылдың төртінші тоқсаны сатылым өсімі бойынша күтуді ақтаған жоқ және өткен жылдардың трендін жалғастырды. Ковидке дейінгі кезең тенденцияларын ескере отырып, мерекелік кезең алдындағы әртүрлі акциялар мен сатылымдарға байланысты жыл соңына дейін сатылымның айтарлықтай өсуі күтілуде. Дегенмен тоқсан сайынғы сатылым өсімі алдыңғы тоқсандардан айтарлықтай ерекшеленбеді, бұл азаматтардың сатып алу қабілетінің төмендеуіне байланысты болуы мүмкін», делінеді зерттеуде.
Алдыңғы тоқсандармен салыстырғанда 2022 жылдың бірінші тоқсанында сатылым 35 пайызға төмендеген. 2022 жылдың төртінші тоқсанындағы сауда айналымының көлемі – 480 млрд теңге. Төртінші тоқсан күтілген өсім деңгейін көрсетпесе де жылдық деңгейде бәрібір озық шықты. 2021 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда сатылым деңгейі 44 пайызға артық болғаны осыны айғақтайды. 2022 жылдың соңғы тоқсанындағы сатылым көлемі бүтін жыл бойындағы сатылымның 80 пайызын еншілеп, ал 2019 жылғы көлемнен 1,5 есе артық болған. Сатылым алаңдарының (жергілікті және халықаралық) типі бойынша сатылым талдауы жалпы сатылымдағы жергілікті үлестің мол екенін (80 пайыз) аңғартып отыр.
«2022 жылы азық-түлік тағамдарын онлайн сатып алу үлесі күрт өсті. Бұл Қазақстанның электронды коммерция нарығы үшін жаңа вертикаль. Сатып алушылар күнделікті қажетті заттар бойынша жиі онлайн сатып алу жасай бастады. Азық-түлік, аптека, үйге арналған тауарлар, балалар заттары, сән және денсаулық жануарлар тауары категориялары бойынша тапсырыстар 5 есе артты», деп пікір білдіреді Kaspi.kz.
Қазақстандағы Ozon Marketplace басшылығы ірі ойыншылар сатып алушыларға арналған сервисті кеңейту есебінен нарықтағы позициясын нығайтуға көшеді дейді.
«Көптеген e-commerce ойыншылар өз платформалары ішінде экожүйені дамытып, клиенттердің назарын аудару үшін түрлі қосымша сервистер аша бастады. Оның қатарына жедел логистика, қаржылық-техникалық шешімдер, жарнамалық құралдарды жатқызуға болады», дейді.
ForteMarket пікірінше, нарықты белсенді қалыптастыру, көптеген жаңа маркетплейстерді іске қосу кезеңі өтіп жатыр:
«Бізді нарықтың эволюциялық дамуы, жұмыс істеп жатқан компаниялардың сервис пен процесті жақсартуы күтуде. Инвестиция жаңа алаңдарды іске қосуға емес, бұрыннан бар алаңдарды дамытуға бағытталады. Нарық қазірдің өзінде толып тұр. Маманданған, шағын категорияға ие немесе салалық маркетплейстер ғана пайда болуы мүмкін».
Mechta.kz пікірінше, 2022 жылы пайда болған негізгі барьер ретінде логистикалық жеткізу тізбегінің бұзылуын атауға болады. Соның салдарынан тауарды дер уақытында жеткізу мүмкін болмай қалды. Бұл бірінші кезекте тауар тапшылығына алып келеді. Ал кейіннен кідірген бүкіл тауардың бір сәтте нарыққа кіріп келуі профицит жасайды. Бұл өз кезегінде компаниядағы ақша айналымының бұзылуына және қоймаларға үлкен жүктеменің түсуіне алып келеді. Kaspi.kz елде берьер жоқ, сондықтан электронды коммерция жақсы дамып жатыр деп есептейді.
Ozon Marketplace пікіріне сүйенсек, логистикалық инфрақұрылымның жеткілікті деңгейде дамымауы үлкен кедергі болып отыр.