Ислам даму банкі Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын

Жарияланды

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын штаб-пәтері Жидда қаласында орналасқан Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед әл-Джассермен кездесті.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат ИДБ басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ү.ж. 8-9 маусымда өткізілуі жоспарланған Астана халықаралық форумына қатысуға шақыру хатын табыс етті.

Елші бұл алаң әлемдік экономиканың өзекті мәселелерін талқылауға және жаһандық нарықтың дамуы мен тұрақтылығына бағытталған жаңа идеялар мен бастамаларды ұсынуға арналған маңызды шара болып табылатынын ерекше атап өтті.

Қазақстан мен ИДБ арасындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылай келе, Б. Арын сұхбаттасының назарына қазақстандық тараптың ірі исламдық қаржы институтымен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және нығайтуға дайындығын жеткізді.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат ИДБ президентін Мемлекет басшысының Жаңа және Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі бастамасын жүзеге асыру аясындағы еліміздегі реформалардың барысы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Елші жақында өткен парламенттік сайлау және Қазақстанның жаңа Үкіметін құру үдерістері мемлекеттік негізгі институттарды қайта жаңартудың соңғы кезеңі болғанын және оның қорытындысы бойынша Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басқанын атап өтті.

ИДБ басшысы шақыруды ризашылықпен қабылдап, форумға қатысу үшін бар күш-жігерін салатынына сендірді. Ол елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, Қазақстан Орталық Азия аймағындағы банктің негізгі серіктесі екенін атап өтті. Осы тұрғыда М. әл-Джасер ИДБ-нің Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.

Сондай-ақ оқыңыз