Фото: kursiv.media
2022 жылы шағын кәсіпорынның1 қызметкері 223,7 мың теңге орташа жалақы алған. Бұл орта кәсіпкер қызметкерлерінің жалақысымен салыстырғанда салыстырғанда 22,4%-ға немесе 64,4 мың теңгеге аз, деп жазады ERI.
Кәсіпкерлік субъектілерінің санатына байланысты жалақыдағы алшақтық бірнеше жылдан бері байқалып келеді. Айталық, 2018-2022 жылдары шағын кәсіппен айналысатын қызметкерлердің орташа жалақысы орта бизнеспен салыстырғанда 47 мың теңгеге аз болды.
2018 жылдары шағын кәсіптегі орташа жалақы 110 мың теңге болса, орта кәсіп қызметкерлері 144 мың теңге алған.
Жалақыдағы айырмашылық жыл сайын өсіп отыр: 2018 жылы – 34,1 мың теңге, 2019 жылы – 40,4 мың теңге, 2020 жылы – 44,7 мың теңге, 2021 жылы – 53,3 мың теңге, 2022 жылы – 64,4 мың теңге.
Тікелей экстраполяция әдісін пайдаланған кезде шағын және орта кәсіпорындар арасындағы алшақтық тек арта түседі деп болжауға болады.
2025 жылы жалақыдағы алшақтық 85 мың теңгеге жетуі мүмкін. Орта және шағын кәсіпорындардағы болжамды жалақы деңгейі сәйкесінше 384,4 мың теңге және 300,2 мың теңгені құрауы ықтимал.
Жалпы алғанда, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін де орташа айлық номиналды жалақы жыл сайын артып келеді, бұл ел экономикасы өсімінің белгісі деп бағалауға болады дейді сарапшылар.
Ұлттық банктің дерегінше, Қазақстан экономикасы 2023 жылғы қаңтар-ақпан айында 4,3%-ға өскен.
Ресми статистика бойынша, Қазақстандағы атаулы жалақының орташа мәні 2022 жылғы IV тоқсанда 338 715 теңгені құраған. Жақында ranking.kz өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2,1 млн адамның арасында 1 млн теңгеден астам табыс табатындар қатары 6 мың ғана деп жазды.