Демонополизация жөніндегі комиссия Астанадағы ақылы тұрақтарды тексереді

Жарияланды
парковки
Фото: ҚР Премьер-министрі баспасөз қызметі

Астана қаласындағы ақылы автотұрақтар заңнаманы сақтау, оның ішінде монополияға қарсы реттеу тұрғысынан тексерілетін болды. Үкіметте Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, «Астана қаласының ақылы автотұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару» жобасы туралы ақпарат берілді, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

«Жобаны жүзеге асыру үшін елорда әкімдігі 2018 жылы «Астана автотұрақ кеңістігі» ЖШС компаниясымен МЖӘ келісімшартына отырған. Талқылау қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға аталған келісімшартты республика заңнамасының нормаларын сақтау, оның ішінде монополияға қарсы реттеу тұрғысынан талдау тапсырылды», делінген хабарламада.

egov.kz сайтының мәлеметінше, «Astana Parking Space» ЖШС негізін қалаған және бірінші басшысы – Шыңғыс Досыбаев Серіктестік 2015 жылы алғаш тіркеліп, 2022 жылы қайта тіркелген. ЖШС қызметі басқа топтарға кірмейтін қосалқы коммерциялық қызмет көрсету; жалға алынған жылжымайтын мүлікті жалға беру (қосалқы жалдау) және пайдалану делінген.

Сонымен қатар отырыста энергетика саласындағы жекелеген нысандарды мемлекет меншігіне қайтару және қатты пайдалы қазбаларды барлауға бірқатар лицензия берудің заңдылығы мәселелері қаралды.

Наурыз айының соңында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Астана ақылы автотұрақтарға қатысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімдерін қайта қарайтынын мәлімдеген болатын. Әкім айтқандай, қала билігі ақылы тұрақтарды толығымен алып тастамайды. Қала басшысы олардың жұмыс істеу шарттары өзгереді деді.

Ақылы автотұрақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарттары бойынша «Астана қаласында ақылы автотұрақтарды құру, пайдалану және басқару» жобасы аясында енгізілді.

Сондай-ақ оқыңыз