Қазақстанда ашылған брокерлік шот саны 1,19 миллионға жетті
Фото: shutterstock.com
Наурыз айында Қазақстандағы брокерлік шот саны жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 23,4 пайызға өсіп, 1,19 миллионға жетті. Бұл туралы Орталық депозитарий хабарлады.
1,19 млн брокерлік шоттың 680 мыңы – ұстаушылардың сегрегацияланған қосалқы шоттары болса, қалған 508 мыңы – агрегацияланған омнибус-шоттар арқылы есепке алынатын брокерлік шоттар.
Жлы басынан бері қосалқы шоттар 130 мыңға өскен.
«Қор нарығы танымалдылығының артуы қазақстандықтардың инвестициялық сату артып жатқанын байқатады. Мысалы, 2017 жылдан 2021 жылға дейін – Орталық депозитарийдегі қосалқы шоттар саны аз қарқынмен өсті және бағалы қағаздар қазақстандықтар үшін қазіргідей тартымды болмады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, өткен жылдың осыған ұқсас кезеңінде (2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша) Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде шамамен 315 мың қосалқы шот болған. Осылайша, бір жыл ішінде қосалқы шоттардың өсуі 115 % құрады», – деді Орталық депозитарийдің Басқарма төрағасы Әділ Мухамеджанов.
Елдің қор нарығы соңғы екі жылда реттеуші тарапынан да, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары тарапынан да жергілікті инвесторларды тартуға және Қазақстан азаматтарының қор нарығына қатысуын кеңейтуге бағытталған бірқатар реформалар мен бастамалардың арқасында белсенді дамыған.
Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесіндегі бағалы қағаздарды ұстаушылардың 99 %-і – бұл қазақстандық инвесторлар. Бейрезиденттердің үлесі бөлшек инвесторлардың жалпы санының небәрі 0,7 %-ін құрайды.
Қазақстандық инвестордың портреті жасарып келеді. 25-34 жас аралығындағы топ бір жылда 29,2 %-тен 31,1 %-ке дейін өсті. Бұл ретте үлкен буынға жататын бөлшек инвесторлар саны азайды. 55 жастан асқан инвесторлардың үлесі бір жылда 16,6 %-тен 14 %-ке дейін қысқарды.
Өңірлік жоспарда бұрынғыдай Алматы (19,9 %) және Астана (11,3 %) көш бастап тұр. Үшінші орында Түркістан облысы тұр (9,3 %). Солтүстік Қазақстан облысының үлесіне бағалы қағаздарды ұстаушылардың ең аз саны (1,7 %) келеді.