Ұлттық қор активтерін басқару жөніндегі тұжырымдама әзірленді
Қазақстан Ұлттық Банкі Ұлттық қор активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы әзірледі. Жоба Ашық НҚА порталына орналастырылды. Бұл құжат Ұлттық қор активтерін басқару процесін реттейді.
ҚҰБ әзірлеген Тұжырымдама инвестициялық саясатты, Ұлттық қордағы активтерді басқарудың негізгі қағидаттары мен тәсілдерін айқындайды. Өз кезегінде Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану, яғни, мемлекеттік қаржыны басқару мәселелері МҚБТ ережелерімен айқындалады және реттеледі.
«Тұжырымдамада активтерді стратегиялық аллокациялауды жүзеге асыру үшін қажетті Ұлттық қор қаражатын ұзақмерзімді инвестициялау қағидаты белгіленген. Бұл тәуекелді және қорғаныс активтер класын құрамдастырып қолдануға мүмкіндік береді. Ұлттық қордағы жинақ портфелінің үлесі келесідей бөлінеді: 60% – облигациялар, 30% – акциялар, 5%-ға дейін – балама құралдар және 5%-ға дейін – алтын», делінген ҰБ хабарламасында.
Жаңаша бөлу облигациялар портфелін дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларына, корпоративтік облигацияларға және дамушы елдердің мемлекеттік облигацияларына да әртараптандыруды көздейді.
Сонымен қатар, Тұжырымдама инвестициялық процестің негізін қалайды және Ұлттық қордағы активтерді басқару тиімділігінің көрсеткіштерін анықтайды. Құжатта белгіленген қағидаттар мен тәсілдер инвестициялық портфельді әртараптандыру, қорғаныс стратегиялары мен факторлық инвестицияларды, соның ішінде ESG қолдануды қоса алғанда, негізгі стратегиялар мен құралдарды айқындау арқылы Ұлттық қордың кірістілігін арттыруға бағытталған.
Осылайша, Тұжырымдаманы әзірлеудегі мақсат – ҚҰБ-тың ұзақмерзімді институционалдық инвестор ретіндегі мәртебесін растау үшін қажетті іргетасты нығайту және негіздерді бекіту. Тұжырымдаманы іске асыру, яғни, онда белгіленген шектеулерді, қағидаттар мен тәсілдерді сақтау 2030 жылға қарай 100 миллиард АҚШ долларын жинақтау мақсатына қол жеткізуге және «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының табысты жұмыс істеуіне ықпал етеді.
1 сәуірде Қаржы министрлігі Ұлттық қорда жинақталған қаражат көлемі, қорға түскен түсім мен алынған ақша жайлы есебін жариялады. Қазіргі кезде қорда 29,3 триллион теңге қаржы бар.
16 наурызда Сенат депутаттары 2023-2025 жж арналған бюджет кодексін қабылдаған. Соған сәйкес, Ұлттық қордан бөлінетін 800 млрд теңге ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін жұмсалады..
Бұған дейін Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ұлттық қордағы қаражатты үнемдеуге шақырған болатын.