Смайылов Жезқазған ЖЭО-сында қосымша қазандық іске қосуды тапсырды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Жезқазған ЖЭО иесіне келесі жылыту маусымына дейін қосымша қазандықты іске қосуды тапсырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Жезқазған ЖЭО-сы қазандық агрегаттарының орташа тозу деңгейі 74 пайзға жеткен.
«Алдағы қыста тосын жағдайлардың алдын алу үшін қазірден бастап ЖЭО-ны жөндеуге қаржы құю керек. Өткен жылы меншік иесі 2,3 млрд теңге салуды жоспарлаған болатын, бірақ жұмыстың бір бөлігі кейінге қалдырылды. Биыл ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарын толықтай қаржыландыру қажет. Қаражат «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында қайтарылатын болады», — деді Әлихан Смайылов.
Жезқазған ЖЭО-сы «Kazakhmys Energy» компаниясына тиесілі, ол шетелдік Kazakhmys Power Projects B.V компаниясының бақылауында. Компания директоры ресейлік кәсіпкер Николай Коробовский бұған дейін «Қазақмыс» корпорациясының энергетика жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарған. «Қазақмыс» корпорациясының 70 пайызы Владимир Кимге тиесілі. Ол Қазақстандағы ең бай 50 адамның қатарына кіреді. Оның байлығы 5 миллиард долларға бағаланады.
Сонымен қатар Премьр-министр ірі коммуналдық кәсіпорындардың жұмысымен, автожол инфрақұрылымын жаңғырту барысымен және Жезқазған қаласын егжей-тегжей жоспарлау жобасымен танысты.