Жаңалықтар

Үкімет атаулы әлеуметтік көмекті алып тастай ма – Алтай Көлгінев жауап берді

Фото; Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов атаулы әлеуметтік көмекті алып тастау туралы депутаттардың ұсынысына қатысты ойын айтты.

«Арнайы әлеуметтік қолдау төлемдері бар. Бұл жыл сайын жетілдіріліп келеді. Бірнеше жыл бұрын аз қамтылған отбасыда адам басына 6 мың теңге деп бекітілсе, қазір ол 12 мың теңгеге жетті. Біздің мақсатымыз – нағыз мұқтаж азаматтарды қолдау. Ал жұмыс істей алатын азаматтарға соған мүмкіндік жасауымыз қажет. Сонда мемлекет бюджетіне түсетін салмақты азайтамыз. Көмекті нағыз мұқтаж азаматтарға береміз», – деді Алтай Көлгінов.

Премьер-министрдің орынбасары атаулы әлеуметтік көмекті алып тастау туралы шешім қабылданбағанын нақтылады.

«Қазір ондай шешім қабылданған жоқ. Депутаттар ұсыныс жасады. Енді оны бірге талқылаймыз. Алайда мұқтаж азаматтарды көмексіз қалдырмауымыз керек. Бірақ жұмыс істегісі келетін адамдарға кәсіби қабілеті мен біліктілігін арттырып, оқыту керек болса, оқытып, жаңа жұмыс ұсынуымыз қажет», – деді Алтай Көлгінов мұнай-газ жасау саласын дамыту форумында.

Алтай Көлгінов бұл мәселе министрлікпен бірге талқыланатынын айтты.
Айта кетейік, 12 сәуірде өткен Мәжіліс отырысында Қазақстан Халық партиясының фракциясы көпбалалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастауды ұсынды. Депутаттар сауалды премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады.

«Қазақстан Халық партиясының фракциясы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастау қажет деп санайды. Өйткені оны алу процесі күрделі және қорлау түрінде жүзеге асырылады. АӘК-ге үміткер болу үшін көпбалалы, жұмыс істемейтін аналарға жүздеген сынақтан өту керек. Әдетте әйелдер бюрократия мен мемлекеттік органдардың әуре-сарсаңынан салын суға жібереді. АӘК-ті алып тастау ең жақсы шешім болмақ», – деді депутат Гауһар Танашева.