Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте қазақстандықтардың өмірін жеңілдетуге бағытталған жаңа «цифрлық» бастамаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Оған цифрландыру жөніндегі вице-министрлер, Астана қаласы әкімдігі, екінші деңгейлі банктер мен «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты, Бұл туралы Primeminister.kz хабарлады.
Осы жылы республикада мемлекеттік қызметтерді онлайнға көшіру арқылы азаматтардың іскерлік және тұрмыстық мәселелерін шешуін жеңілдетуге және жеделдетуге бағытталған 66 «цифрлық» бастама жүзеге асырылып жатыр.
«Мемлекет басшысының мемлекеттік органдарға және олардың халықпен өзара байланысына бюрократия ықпалының жоғары екені туралы пікіріне сүйене отыра, сондай-ақ әлемдік тәжірибені ескеріп, сыбайлас жемқорлық пен бюрократиямен күрестегі бірден-бір тиімді жол — цифрландыру деп сеніммен айта аламыз. Біздің басты міндетіміз — әрбір азаматтың цифрландырудың нақты нәтижесін сезінуін қамтамасыз ету», — деді Ғ. Қойшыбаев.
Қазір азаматтарға жоспарланған «цифрлық» бастамалардың 41-і толық немесе пилоттық режимде қолжетімді. Мысалы, кеше ғана Әділет министрлігі онлайн режимде нотариалды куәландырылған сенімхат беру қызметін іске қосты. Алғашқы екі күнде 60-тан астам құжат рәсімделді. Қызметті алу үшін смартфон және оған жүктелген eGov Mobile қосымшасы қажет.
«Бұл қызметке банктер қызығушылық танытып отыр. Қазір техникалық мүмкіндіктер пысықталып жатыр. Жоспар бойынша, бір айдың ішінде екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында «онлайн нотариус» қызметі пайда болуы мүмкін. Біз нотариустармен және азаматтармен кері байланыс жүргізіп жатырмыз, алғашқы оң пікірлер де келіп жатыр», — деді әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі 8 «цифрлық» бастаманы жүзеге асыруда. Оның ішінде жалған нөмірлерден келетін қоңырауларды бұғаттау (34 млн қоңырау бұғатталды), автокөліктерді онлайн қайта тіркеу (бұл қызметті 3,7 млн азамат пайдаланды), жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыру (бұл қызметті 122 мың азамат алды) және т. б. қызметтер бар.
Өз кезегінде Экология министрлігі аңшы куәлігін «цифрландырды». Аталған құжатты рәсімдеуді жоспарлаған әр азамат ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, оның тек электронды түрде ғана берілетінін білуі маңызды. Бұл құжаттың қағаз нұсқасын бірге алып жүру қажеттілігін жояды. Осы ретте мұқабалы аңшы куәлігі үшін төленетін 3 АЕК мөлшеріндегі қосымша алым алынып тасталды.
Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Энергетика министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар өкілдері «цифрлық» өнімдер туралы баяндады.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министрдің орынбасары Ғ. Қойшыбаев азаматтардың ұсыныстары мен шағымдарын ескере отырып, кейбір онлайн қызметтерді пысықтау қажеттігін атап өтті.
«Цифрландыру мәселесі Үкімет Аппаратының қатаң бақылауында. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру процесі үзілмеуі керек. Сондай-ақ әр жаңа қызметтің іске қосылғаны кеңінен хабарланып, азаматтарды бұл қызметтерді қалай пайдалану керектігі туралы ақпараттандыру өте маңызды», — деді Ғ. Қойшыбаев.