Жаңалықтар

Алматыда сейсмоаудит жүргізіліп, агломерацияны 2030 жылға дейін дамыту жоспары жасалады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматы және Алматы агломерациясын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралды. Бұл туралы баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, орталық мемлекеттік органдардың басшылары 10 наурызда Үкімет басшысының Алматыға жұмыс сапары аясында берген тапсырмаларының орындалу барысын баяндаған. Соның ішінде:

  • отандық тауар өндірушілерді қолдау,
  • «Алтынкөл» теміржол стансасын дамытудың бас жоспарын әзірлеу,
  • бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін кеңейту және құрылыс саласындағы бақылауды күшейту бойынша қабылданған шаралар бар.

Алматының үлгісімен республиканың барлық өңірлерінде шағын өнеркәсіп парктерін құру бойынша қадамдар әзірленгеніп жатыр.

Кеңеске қатысушылар оңтүстік астанадағы сауда ағынын оңтайландырып, көлік инфрақұрылымын жеңілдететуге мүмкіндік беретін көтерме тарату және сауда-логистикалық орталықтар желісін дамыту жоспарларын да талқылады. Сонымен қатар Алматы қаласының бас жоспарын және Алматы агломерациясын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеу туралы, сондай-ақ қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлей отырып, ауқымды сейсмоаудит жүргізу туралы баяндама жасалды.

Премьер-Министр ұсынылған тәсілдерді қолдап, жоспарланған жұмыстарды сапалы орындау қажеттігін атап өтті.

«Агломерацияны есепке алатын болсақ, Алматы – халық көп шоғырланған еліміздің ең маңызды өңірлердің бірі. Сондықтан әкімдік пен бизнес тарапынан қойылған түйткілді мәселелерді жүйелі түрде шешуіміз керек. Жұмыс сапарының қорытындысына сәйкес 28 тапсырма берілді, мемлекеттік органдар оларды уақытылы әрі сапалы орындау бойынша жұмысты жалғастыруы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.