Дамушы елдердің валюталары апта ішінде қалай өзгерді

Жарияланды

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 14 сәуірде теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 1,2%-ға (445,01 теңгеден) әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 450,25 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.

2023 жылғы 7-14 сәуір аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. Еңбек статистикасы бюросының деректері бойынша, АҚШ-та тұтыну бағаларының индексі жылдық мәнде ақпандағы 6%-дан наурызда 5%-ға дейін төмендеді. АҚШ-тағы өндірушілер бағасының индексі (PPI) ақпандағы ж/ж 4,9%-дан наурызда ж/ж 2,7%-ға дейін құлдырады. АҚШ-та жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға берілген алғашқы өтініштер саны 239 000-ға дейін өсті. Статистикалық деректердің шығуы аясында инвесторлар арасында ФРЖ мөлшерлемелерін арттыру циклі жақын арада аяқталар деген үмітпен сарыла күтті. Осыған байланысты АҚШ доллары жаһандық деңгейде әлсірей түсті. ФРЖ басқарушы кеңесінің мүшесі Кристофер Уоллер жұма күні инфляцияға қатысты тиісті мақсатқа қол жеткізу ісінде ФРЖ-ның айтарлықтай табысқа жете алмағанын мәлімдеді. Сөйте тұра, белгілі бір уақыт аралығында ақша-кредит саясаты нарық күткеннен де  ұзақ уақыт бойы қатаң қалпында қалуға тиіс екенін атап айтты.    

Жоғарыда аталған факторлар көп жағдайда дамушы нарықтарда валюталардың әртүрлі бағыттағы динамикасын көрсетті. Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының динамикасы төмендегідей қалыптасты.         

  • Бразилия реалы қабылданған жаңа фискалдық жоспар мен АҚШ-та инфляцияға қатысты деректердің шығуы аясында 3%-ға (5,06-дан 4,91-ге дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы ФРЖ мөлшерлемелерін арттыру циклінің жақын арада аяқталуын күту аясында 1,4%-ға (14913-тен 14705-ке дейін) нығайды;
  • Мексика песосы АҚШ-та инфляцияға қатысты деректер шыққаннан кейін доллардың әлсіреуі аясында 0,7%-ға (18,14-тен 18,02-ге дейін) нығайды;
  • Оңтүстік Африка ранды АҚШ долларының әлсіреуі аясында 0,5%-ға (18,19-дан 18,09-ға дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы 0,1%-ға (81,9-дан 81,85-ке дейін) нығайды. Себебі ХВҚ Үндістан – әлемде ең тез дамып келе жатқан экономиканың бірі деп мәлімдеді;
  • түрік лирасы алдағы уақытта өтетін президент сайлауы аясында 0,6%-ға (19,25-тен 19,36-ға дейін) әлсіреді;
  • Ресей рублі экспорттың қысқаруы мен мұнай құнының төмендеуі аясында 0,8%-ға (81,13-тен 81,79-ға дейін) әлсіреді.
Сондай-ақ оқыңыз