Жаңалықтар

Ұлттық қорға түсетін қаржы 2 айда 4,1 пайыз өскен

Фото: kursiv.media

Биыл 2 айда Ұлттық қорға түскен қаржы былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанде 4,1 пайыз өсіп, 1160,8 млрд теңгені құрады деп жазады Экономикалық зерттеулер институтының телеграм арнасы.

Қажажаттың өсуіне мұнай секторы ұйымдарынан түсетін салық түсімдерінің өсуі және республикалық бюджетке бөлінетін трансферттердің азаюы себеп.

«Осылайша, салық түсімдері 1 197,1 млрд. теңгені құраған, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 147,3 млрд. теңгеге немесе 14%-ке артық. Өсім пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтан түсетін түсімдердің 273,8 млрд. теңгеге (2 еседен астам) өсуі есебінен қамтамасыз етілді», дейді мамандар.

Келісімшарттар бойынша өнімді бөлу бойынша ҚР үлесі есебінен түсімдер 87,8 млрд. теңгеге дейін төмендеді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 130,2 млрд.теңгеге немесе 60%-ке аз.

Жоғарыда айтылғандай, 2023 жылғы қаңтар-ақпанда Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке трансферттер төмендеген. Осылайша, 2023 жылдың алғашқы екі айында кепілдендірілген трансферт көлемі 621 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 364 млрд.теңгеге яғни 37%-ке аз.

Алайда нысаналы трансферт 7 есе өсіп, 360,6 млрд. теңгені құрады.

Осылайша, 1 тоқсан қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты 29 392 млрд теңгені құрады және жыл басынан бері қаражат көлемі 256 млрд.теңгеге өсті.

Жақында Қазақстан Ұлттық Банкі Ұлттық қор активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы әзірлеген еді.

«Тұжырымдамада активтерді стратегиялық аллокациялауды жүзеге асыру үшін қажетті Ұлттық қор қаражатын ұзақмерзімді инвестициялау қағидаты белгіленген. Бұл тәуекелді және қорғаныс активтер класын құрамдастырып қолдануға мүмкіндік береді. Ұлттық қордағы жинақ портфелінің үлесі келесідей бөлінеді: 60% – облигациялар, 30% – акциялар, 5%-ға дейін – балама құралдар және 5%-ға дейін – алтын», делінген ҰБ хабарламасында.

16 наурызда Сенат депутаттары 2023-2025 жж арналған бюджет кодексін қабылдаған. Соған сәйкес, Ұлттық қордан бөлінетін 800 млрд теңге ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін жұмсалады..

Бұған дейін Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ұлттық қордағы қаражатты үнемдеуге шақырған болатын.