Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим инвесторларды қолдауға бағытталған – СІМ

Жарияланды
Айбек Смадияров
Фото: ҚР СІМ

Қазақстан азаматтары Қытайға визасыз бара алады. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

«Қытай азаматтарының 2022 жылдың маусымынан бастап Қазақстанда визасыз жүруге құқығы бар. Өздеріңіз білетіндей, Қытай азаматтары 14 күнге Қазақстанға визасыз келе алады. Ал жаңа жасалып жатқан келісімнің негізгі мақсаты – қазақстандықтардың шетелдік сапарлардағы мобильдігін арттыру. Бұл келісім бізге ұтымды. Қазақстан азаматтары Қытайға визасыз бара алады», – деді ол.

Айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантиннен кейін қазір Қытай шекарасын ашып жатыр.

«Сауда-саттық, экономикалық ынтымақтастық дамып жатыр. Сондықтан Қазақстан мен Қытай билігінің жоғары ықыласы осындай нәтиже берді. Қазақстан Үкіметі еліміздің қолайлы инвестициялық ахуалды қолдауға, іскерлік байланысты жандандыруға, туристік әлеуетті арттыруға мүмкіндік беретін визалық рәсімдер мен режимдерді жандандыру бойынша қадамдарды іске асырып жатыр. Осылайша, ел экономикасына қосымша қаржы ағынын тартуға және оның азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын құруға жағдай жасалады», – деді Айбек Смадияров.

Ол мысал ретінде Kazakh Invest ұлттық компаниясының дерегін келтірді.
«Қазақстанға тартылған жалпы тікелей инвестицияның деңгейі бойынша Қытай 7-орында тұр. 2022 жылы Қытай Қазақстанға 1,4 млрд доллар инвестиция құйған», – деді СІМ ресми өкілі.

Келісім жобасының талабына сәйкес, Қытай Халық Республикасының азаматтары Қазақстан аумағына жеке жұмысы, туризм, емделу, халықаралық тасымалды жүзеге асыру, транзит, сондай-ақ іскерлік мақсатпен бір немесе бірнеше рет келу-кету, елде уақытша болу үшін мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге визалық талаптардан босатылады.

Осы визасыз режим аясында еңбек және өзге де ақы төленетін қызмет істеуге тыйым салынады.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимді өзара ырықтандыру инвестициялық қызметтің прогрессивті-құқықтық базасын құруға, Қытайға да, Қазақстанға да іс-сапарлар үшін тұрақты және болжамды жағдайды қамтамасыз ету арқылы инвесторларды қолдауға бағытталған тағы бір қадам болды», – деп түйіндеді Смадияров.

Айтуынша, бұл келісім өзара іссапарды жоспарлауды едәуір жеңілдетеді.

Сондай-ақ оқыңыз