Қазақстан Өзбекстан мен Пәкістаннан арзан өнім сатып алатын болды
«QazTrade» АҚ нарыққа инфляциялық қысымды төмендету, сондай-ақ маусымдық көкөністер мен жемістердің тапшылығы қаупін азайту мақсатында шетелдік компанияларды құрады. Бұл туралы QazTrade хабарлады.
«QazTrade» АҚ Бас директоры Нұралы Бөкейхановтың айтуынша, осы аптада бірлескен қазақстан-өзбек компаниясы тіркеліп, ашылды.
«UZKAZTRADE» ЖШҚ тек тепе-тең негізде жұмыс істейтін болады, яғни компанияны «QazTrade» өкілдері де, «UzTrade» компаниясындағы әріптестеріміз де 50/50 қағидаты бойынша басқаратын болады», – деп нақтылады Нұралы Бөкейханов.
«Компания пайда табуды жоспарламайтынын және импортталатын өнімге коммерциялық маржа қосқысы келмейтінін ескеру маңызды. Ең аз әкімшілік шығындарды жабатын шағын ғана үстеме ақы болуы мүмкін. Бірақ жеткізілім ауқымын ескере отырып, бұл тауардың түпкілікті бағасына айтарлықтай әсер етпейді», – деді «QazTrade» басшысы.
Нұралы Бөкейхановтың ақпараты бойынша, осындай бірлескен Қазақстан-Пәкістан компаниясы Лахор қаласында іске қосылу сатысында тұр. Сондай-ақ, «QazTrade» жақын арада Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында өзінің еншілес ұйымын тіркеуді жоспарлап отыр.