Фото: kursiv.media
Қай салада да жоғары жалақы – өнімді еңбектің кепілі болмақ. Біздің елде жалақыны төмен иә жоғары деп біржақты кесіп айтуға келмейді. Салалық ерекшеліктерге байланысты еңбекақы мөлшері де әр алуан. Қазақстан IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілік және IMD таланттар рейтингінде 2-ші және 58-ші орын алған. Аталған рейтинг бойынша «қызмет көрсету саласындағы еңбекақы (АҚШ долларымен)» ескеріледі. Екі рейтинг бойынша да еңбекақы жылына 6 243,83 долларды құраған.
Біз бір рейтинг бойынша жоғары, ал екіншісі бойынша тым төмен позициядамыз. Бұған Экономикалық зерттеулер институты былай жауап береді.
«IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингі елдерді инвестициялық тартымдылық тұрғысынан бағалайды. Яғни, аталған ел инвесторлар үшін арзан жұмыс күшінің болуымен тартымды ма, жоқ па? Ал таланттар рейтингінде қызметкерлер үшін еңбек шарттарының қаншалықты тартымды болғандығы ескеріледі. Бұл ретте әділетті еңбектің дұрыс бағалануы басты назарға алынады», деп жауап береді институт.
Қызмет көрсету саласында жоғарғы жалақы ұсынатын ел Швейцария болса (жылына 456 478 доллар), ең төменгісі – Моңғолия (жылына 5 295 доллар). Елдер арасындағы айырмашылық – 86 есе. Қазақстан бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Моңғолиядан кейін орналасқан. Таланттар рейтингі бойынша оның алдында тұр.
Рейтинг нәтижесіне қарасақ, Қазақстанда 2020 жылы қызмет көрсету саласында жалақының күрт артқаны, ал 2021 жылы күрт төмендегені байқалады. Бұл долларға қатысты теңге бағамының құбылуымен байланысты.
Екі рейтингтің негізгі дерек көзі – кәсіпорындардың тоқсанаралық статистикалық есептілігі негізінде қалыптасқан Ұлттық статистика бюросының ақпараттары. Орташа мән қосымша төлемдерді, жәрдемақыларды, сыйлықақыларды, сондай-ақ салықтар мен басқа да шегерімдерді (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары) ескере отырып есептеледі. Осылайша, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйене отырып, рейтингтерде көрсеткіш қызмет көрсету саласындағы жұмыскерлердің, атап айтқанда, бастауыш сынып мұғалімінің, медбикенің, колл-орталық агентінің, менеджер (фармацевтика, химия немесе тамақ өнеркәсібі), сатушы-кеңесші және хатшының жалақысының орташа мәні ретінде ұсынылған. Айта кету керек 2021-2022 жылғы рейтингте – 2018 жылдың, 2020 жылғы рейтингте – 2017 жылдың, 2019 жылғы рейтингте – 2016 жылдың деректері пайдаланылған.
«Жоғары жалақы фармацевтика және химия өнеркәсібі менеджерлерінде тіркелген (айына 452 008 теңге). Ең төменгі жалақы – сатушы консультанттарда: айына 97 235 теңге. Айырмашылық – 4,6 есе», делінеді зертеуде.
2021-2022 жылдарда 2020 жылмен салыстырғанда барлық мамандық түрі бойынша (сатушы консультанттар мен колл-орталық агенттерін есепке алмағанда) доллармен берілетін жалақының төмендеуі байқалады. Медбикелер мен менеджерлерде доллардағы жалақының төмендеуі долларға қатысты теңге бағамының төмендеуімен байланысты екен.
Бастауыш сынып мұғалімдері доллардағы жалақыны – 6,2 пайызға, менеджерлер – 17,4 пайызға, хатшылар – 11,9 пайызға, медбикелер 2,2 пайызға аз ала бастаған.
«Тұтастай алғанда, еңбекке қабілетті халықтың негізгі бөлігі қызмет көрсету саласына тартылғанына, соған сәйкес елдің жалпы ішкі өніміне ең көп үлес қосқанына қарамастан, ондағы жалақы деңгейі әлі де болса өндіріс секторынан 22 пайызға артта қалып отыр. Сонымен қатар мейірбикелер мен операторлардың жалақысы жыл сайынғы өсімге қарамастан, 2022 жылдың 3-тоқсанында айына 282 179 теңгені құраған елдегі орташа айлық жалақыдан әлдеқайда төмен болып тұр», деп хабарлайды зерттеушілер.