Биыл ақпараттық саясатқа 64 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған – Министрлік
Фото: shutterstock.com
Сенат депутаттары «Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау мәселесі» тақырыбында өткен отырыста ақпараттық саясатқа жыл сайын қанша ақша бөлінетінін сұрады.
«Ақпараттық саясатқа жыл сайын қанша ақша бөлінеді? Оның ішінде осы әскерилердің имиджін қалыптастыруға қанша ақша бөлінеді? Себебі, мен оған миллиардтаған ақша бөлінетінін білемін», – деді Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Жеңісбекұлы әскери қызметкерлерге немесе дәрігерлердің ақпарат жұмысына деп арнайы бөлінетін қаражат олай есептелмейтінін айтты.
«Бізде тақырыптық бағыттарға қарай есептеледі. Олар бекітілген. Осы бағыттардың өзінің формуласы бар. Сол алгоритм бойынша қай бағытқа, қай тақырыпқа қанша ақша бөлетінін республикалық комиссия анықтайды», – деді ол.
Сенатор Сарыбаев биылға қанша ақша бөлінгенін нақтыдауды сұрады.
«Жалпы Ақпараттық саясатқа барлығы 64 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Оның ішінде мемлекеттік телеарналар мен баспа басылымдары бар. Мемлекеттік ақпаратқа бөлінетін қаражат одан аздау. Қазір оны нақты айта алмаймын», – деп жауап берді Нұрлыбек Жеңісбекұлы.