Жаңалықтар

Елдегі кей әскери бөлімдер бейнебақылау жүйесімен қамтылмаған -Бас әскери прокуратура

Фото: Kursiv.media

Елімізде кей әскери бөлімдер бейнебақылау жүйесімен қамтылмаған. Бұл туралы Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев айтты. Сейсенбі күні Сенатта «Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау мәселесі» тақырыбында отырыс өтті.

Қазиевтің айтуынша, әскери бөлімдерді бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету әлі де өзекті болып отыр.

«Шекара қызметінде 358 нысанның тек 104-ті бейнебақылаумен қамтылған. Ұлттық ұланда толық қамту үшін әлі де 216 бейнебақылау жүйесін қолдану керек. Қорғаныс министрлігінде 12,5 мың бейнебақылаудың 4,1 мыңы істен шыққан», – деді Мақсат Қазиев.

Ол бұрын әскери бөлімдер мен мекемелерді бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді реттейтін бірыңғай құқықтық-нормативтік акт болмағанын жеткізді.
Айтуынша, бұл жұмыс қолға алынып, бірлескен бұйрықтың жобасы дайындалды. Қазір ол құжат пысықталып, келісуден өтіп жатыр.

«Бұйрық қабылданып, қаражат бөлінген жағдайда, әскери бөлімдерді бейнебақылау жүйесімен қамту қарқынды жүреді», – деді Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары.