Испанияда операция жасатуға кезек күткен адам саны 800 мыңнан асып кетті. Бұл – кейінгі үш жылда болмаған жағдай. Науқастар дәрігерді шамамен жарты жыл күтуге мәжбүр. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.
Енді бұған наразы жұрт Мадрид көшелеріне шығып, министрдің отставкаға кетуін талап етті. Митинггке ресми ақпарат бойынша – 200 мың, ал бейресми мәліметтер 700 мың қатысты деседі.
Мадрид көшелерінде тұрғындардан бөлек, медицина саласының қызметкерлері де белсенді болды. Барлығының талабы бір – сала түбегейлі жаңа реформаға мұқтаж. Еңбекақының 45 процентін салыққа беретін ел тұрғындары сапалы медицинаға мұқтаж.
Тегін медицинаға кезек көп, сондықтан испандықтардың басым бөлігі ақылы медициналық сақтандыруды рәсімдейді. 35 жасқа дейінгі тұрғынға арналған базалық медициналық сақтандырудың бағасы 50 еуро, ал алпыс бестен кейін бұл сақтандыру 200 еуроға қымбаттайды.