Шахматтан Қазақстан әйелдер командасы әлем құрамасына қарсы ойнап жатыр

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Pixabay.com

Қазақстан астанасында әлемде тұңғыш рет бір елдің шахматтан әйелдер құрамасы әлем құрамасына қарсы ойнап жатыр. Бұған дейін мұндай жарыс үш рет тек ерлер құрамалары арасында өткізілген. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады.

Әр құрама екі командадан тұрады. «А» командаларының құрамында төрт ересек спортшы
бар. Ал «В» командалары – 14, 16, 18 және 20 жасқа дейінгі спортшылар.

Матчтың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Спорт және мәдениет министрі
Асхат Оралов қатысты. Ол бұл матчты нәтижеге қарамастан, тарихи деп атауға
болатынын және еліміздің ғана емес, шетелдің де спорт шежіресіне енетінін атап өтті.

Бірінші жүріс құқығы Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловқа
берілді.

Матчтың жеребе тарту нәтижесі бойынша, Хоу Ифань қазақстандық гроссмейстер Динара
Сәдуақасоваға қарсы қара фигуралармен ойнады. Үндістандық шахматшы Харика
Дрюнавалли Меруерт Камалиденоваға қарсы шықты. Қазақстандық гроссмейстер
Бибісара Ассаубаева ойынды Әзірбайжан өкілі Гүнай Мамедзадэге қарсы бастады.
Гроссмейстер Жансая Әбдімәлік те грузин шахматшысы Нана Дзагнидзеге қарсы қара
фигурамен ойнады.

Жасөспірімдер арасында жеребе былай шықты: қазақстандық Зарина Нұрғалиева
өзбекстандық Афруза Хамдамоваға қарсы ақ түсті, ал Ксения Балабаева болгариялық
Нұргүл Салимоваға қарсы қара түсті фигуралармен ойнады. Венгриялық Жока Гаал
қазақстандық Алуа Нұрмановаға қарсы қара түсті, үндістандық шахматшы Шри Б.Савита
жерлесіміз Лия Құрманғалиеваға қарсы қара түсті фигуралармен бастады.

Бүгін қыздар рапид бойынша 4 раунд ойнады. Кездесудің бірінші күні шетелдік
спортшылардың басымдығымен аяқталды. Қазақстан командасы 13,5 ұпай, ал Әлем
құрамасы 18,5 ұпай жинады. Хоу Ифань Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлікпен
тең түсіп, Меруерт Камалиденованы ұтып, Бибісара Асаубаевадан ұтылды.

Бүгін олар рапидтің тағы 4 раундын, ал 19 сәуірде сегіз раундтық блиц ойнауы керек. Осымен жеңімпаз құрама белгілі болады. Әйелдер арасындағы командалық матчтың жалпы жүлде қоры 50 000 долларды құрайды.

Матчтың жеңімпаз командасы барлық ойындарда, соның ішінде рапид пен блицте
жиналған ең көп ұпай саны бойынша анықталады. Ұпай тең болған жағдайда армагеддонпартия ойнатылады. Онда фигура түсі жеребе арқылы анықталып, жылдам ойында тең түссе жеңіс қара фигураға беріледі.

Әйелдер арасындағы кездесу Ян Непомнящий мен Дин Лижэнь арасында өтіп жатқан
классикалық шахматтан 2023 жылғы әлем чемпионаты аясында ұйымдастырылды. 9
сәуірде ашылған ойын Астанада, St. Regis Astana қонақүйінде өтуде. Чемпионат 1
мамырға дейін жалғасады. Чемпионаттың бас серіктесі және ұйымдастырушысы –
Freedom Holding Corp.

7 сәуір күні Астанада шахматтан әлем чемпионаты басталды. Шахматтан әлем чемпионы атағы үшін таласта қытайлық Дин Лижэнь жеңген еді.

Сондай-ақ оқыңыз