Қазақстан мен АЭХА техникалық ынтымақтастық орнатуға келісті

Жарияланды

Фото: Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі

Энергетика министрі А. Сәтқалиев пен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Р. Гросси Қазақстан мен АЭХА арасындағы 2023-2028 жылдарға арналған елдік негіздемелік бағдарламаға (Country Programme Framework) қол қойды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарлады.

Елдік негіздемелік бағдарлама Қазақстан мен АЭХА арасындағы техникалық ынтымақтастықты орта мерзімді жоспарлау үшін негіз болады.

«2023-2028 жылдарға арналған жаңа бағдарлама техникалық ынтымақтастықтың жинақталған тәжірибесін ескере отырып әзірленді және онда Қазақстанның өзінің алғашқы атом электр станциясын салуды жоспарлап отырған ел ретіндегі мәртебесі ескерілді. Бағдарламада төрт басым бағыт анықталған: ядролық-энергетикалық инфрақұрылым, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі және ядролық медицина» делінген хабарламада.

Ядролық технологиялар мен техникалық ынтымақтастық ресурстарын беру ел дамуының ұлттық мақсаттарын қолдауға бағытталады деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан жаңа технологиялық және зерттеу әзірлемелеріне қол жеткізе отырып, өзінің ғылыми және техникалық әлеуетін нығайта отырып, 1994 жылдан бастап АЭХА-мен өзара іс-қимыл жасап келеді.

Сондай-ақ оқыңыз