Қазақстанда өткен жылы 60-тан аса әскери қызметші қайтыс болған

Жарияланды

Қазақстан Республикасының Бас Әскери прокурорының ақпаратына сәйкес соңғы екі жылда 237 әскери қызметші  қайтыс болған. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылы-77, 2021 жылы- 96, 2022 жылы-64 адам. Олардың 145-әскерге келісім-шартпен келгендер, 59-офицерлер, 31 – солдаттар. Бұл азаматтардың 89-ы науқастан көз жұмған, 62-і жол апатынан, 50 адам  суицидтен,  ал 8 адам өзге себептермен қайтыс болған. Бұл туралы Сенатта өткен «Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау мәселесі» отырыста мәлім болды.

Ал, сенатор Геннадий Шиповских Қазақстанда кей ата-ана баласын әскерге жібермес үшін пара беріп жатқанын мәлім етті.

«Қазір қоғамда жастарымыздың әскери борышын өтеуге, әскерге баруына байланысты үлкен сұрақ туындап отыр. Енді бірі әскерге барса, енді бірі әскерге барудан қорқады. Біз өңірлердегі бірқатар жағдайды байқап отырмыз. Мысалы, медициналық тексеру кезінде кейбір жастар әскерден жалтару үшін тіпті, медициналық комиссияға өздері пара ұсынып, одан жалтарып жатыр», – деді Геннадий Шиповских.

Сенат депутаты сарбаздар мен ата-аналардың бұл әрекетін түсінетінін жеткізді.

«Бір жағынан оларды да, олардың әке-шешесін де түсінуге болады. Қазір кім 18 жасқа дейін мәпелеп өсірген баласын аман-есен әскерге жіберіп, оны мүгедек немесе табытпен қарсы алып жатса, кімге жақсы? Менің ойымша, біз әскердегі тәртіпсіздікті реттемей, парақорлықты арттырып жатырмыз», – деді сенатор.

Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев мұндай мәселе барын жеткізді. Айтуынша, әскерге шақыру бойынша бірқатар тексеру жүргізілген.
«Өңірлерде интеграция жоқ», – деді ол.
Геннадий Шиповских Мақсат Қазиевтің жауабына көңілі толмайтынын айтты.

«Дәл осындай мәселені болдырмау үшін орысша айтқанда «требуются драконовые меры». Егер өңірде бір сарбаз көз жұмса немесе бір сарбаз мүгедек болып қалса, дәл сол жердегі аймақ бөлімшелерінің бірінші басшыларын міндетті түрде жауапқа тарту керек. Тіпті, трибуналға жіберу керек. Сонда ғана (әскерде) тәртіп орнайды», – деді сенатор.


Сондай-ақ оқыңыз