Фото: primeminister.kz
Қазақстанда NEET санатындағы кәсіптік білімі жоқ және жұмыссыз жүрген жастарды қолдау күшейтіледі. Үкімет қабылдаған мемлекеттік жастар саясатын күшейту аясындағы қаулыға сәйкес, жұмысқа орналастыру бойынша белсенді көмек көрсетіліп, өзге де қолдау шаралары қолға алынады. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Құжат «білімі жоқ және жұмыссыз» жастармен (NEET санаты) нақты жұмыс жүргізетін бірқатар орталық мемлекеттік органның құзыретін айқындайды делінген ақпаратта.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне уақытша жұмыссыз қалған жастардың жұмысқа орналасуына көмектесу, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстың орындалуын бақылайды. Ал Мәдениет және спорт министрлігі жастардың бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған мәдени және т. б. іс-шаралар кешенін жүзеге асырады.
Бұдан бөлек, Қаулыда жастармен жұмыс жасайтын мамандардың біліктілік сипаттамасын, жастар еңбек жасақтарын құру ережелерін, сондай-ақ жастарды дамыту индексін енгізу қағидаларын бекітуге мүмкіндіктер жасалған.
Ақпаратқа сәйкес, елімізде NEET санатындағы жастардың үлесі 6,3%. Бұл – Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Италия және басқа да елдердегі жағдаймен салыстырғанда, төмен көрсеткіш, деп атап өтілген хабарламада.
Қазақстан Үкіметі NEET санатындағы жастар үлесін азайту мақсатында әлеуметтік қолдау, білім алуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсету бойынша жүйелі шаралар қабылдауда.