Алматы, Астана және Атырау тұрғындары алтын құйма сатып алуда белсенді

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

2023 жылдың наурыз айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде 4 568 алтын құйма сатылды, олардың жалпы салмағы – 175,0 кг. Бұл туралы Ұлттық банктен хабарлады.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 4,2 тонна 122 430 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г.
Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 26% – 31 909 дана.
Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 27 547 дана (22%);
100 грамдық құйма – 25 218 дана (21%);
20 грамдық құйма – 23 566 дана (19%);
50 граммдық құйма – 14 190 дана (12%).
Алтын құймалар Алматы, Астана және Атырау қалаларында көп сатылады.

Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктері жалпы салмағы 526,4 келі 20 703 алтын құйманы кері сатып алды. Бұл – жалпы сатылған құймалардың 17%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорабы сапа сертификаты болып та саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыппен сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.

Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінен сатып алып, кері сатуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз