Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілеріне қойылар талап күшейді

Жарияланды

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілеріне қойылар талап күшейді. Қазір қаладағы жауапты органдар қоғамдық көлік қозғалысын қатаң бақылап отыр. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.

Қазір қалада қоғамдық тасымалдау қызметін атқаратын 25 автобекет бар. Олардың балансында 2137 автобус пен 160 троллейбус тіркелген. Қоғамдық көліктердің  қозғалысын құзырлы органдар қатаң бақылап отыр. Мәселен, жыл басынан бері тәртіптік жазаға тартылған 100-ге жуық жүргізуші жолдағы ережені бұзудан бөлек, жолаушылардың өміріне қауіп төндіргені үшін жауап берген.

«Үш айдың нәтижесі бойынша Алматы қаласында 101 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның себебінен 143 адам зардап шекті. Қаза болғандар жоқ. Жыл басынан бері Әкімшілік кодекстің талаптарына сәйкес 72 хаттама толтырылды. Қылмыстық іс қозғалған жоқ», – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Еркін Өтегенов.

Қалалық мобилділік басқармасы өкілдері жүргізушілердің жұмыс өтіліне мән беріп, куәлігінде «Д» санатының болуын қадағалайды. Тізгінге отырар азаматтың жасына де белгілі бір шектеу қойылған. Одан бөлек, әр автобекеттің өзіндік талабы тағы бар.

«Қазіргі таңда автопарктердің басшына апта сайын жиналыс өткізіп жатырмыз. Бөлім мамандары шығып тексереді және заң бұзылған жағдайда бақылау инспекциясы мен жергілікті полиция басқармасы бірге жұмыс атқарады», – деді Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Азамат Ешанқұл.

Бұл саладағы өзекті мәселе – маман тапшылығы. Алматылық қоғамдық көліктер 1300-ден аса жүргізушіге мұқтаж. «Күніне 12-14 сағат жолда жүретін автобус тізгіншілеріне берілетін жалақы да жақсы» дейді басқарма өкілі. Ал қатаң талап, күшейтілген ереже аталған салада тек білікті маманның жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

Сондай-ақ оқыңыз