Жаңалықтар

Жабайы өсімдік жинайтындар 2024 жылдан салық төлейді

Фото: баспасөз қызметі

Еліміздің салық заңнамасына енгізілген өзгерістеріне сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жабайы өсімдік жинайтындар салық төлейтін болады. Салық кодексінің 69-тарау, 6-параграфы «орман және өсімдіктер ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы» болып толықтырылған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлайды.

«Мәселен, егер қазіргі уақытта мемлекеттік орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (оның ішінде дәрілік өсімдіктер, жабайы жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер) аумағындағы объектілерге ғана салық салынатын болса, келесі жылдан бастап салық салу объектілеріне осы аумақтан тыс жерде жиналатын өсімдіктердің жабайы түрлері де енгізілген», делінген хабарламада.

Мемлекеттік орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан тыс жиналатын жабайы өсімдіктер бойынша төлемдер өсімдік ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы деп аталады. Оның мөлшерін жергілік мәслихат бекітеді.

Енді жабайы өсімдіктерді жинауға алдын ала ескертіп, төлемақысын төлесе ғана рұқсат беріледі. Төлемақы тосан сайын, сол өсімдікті жинайтын аймақта бойынша бюджетке төленеді.