Қазақстанның мемлекеттік және сыртқы қарызы 25 триллион теңге-Қаржы министрлігі
Қазақстанның мемлекеттік және сыртқы қарызы 54 миллиард доллардан асады екен. Ал теңгеге шаққанда 25 триллион. Бұл туралы журналистер сауалына Қаржы министрлігі берген жауапта айтылған.
Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік қарыздың бұл сомасы 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай. Министрлік бұл соманың 47 миллиард доллары немесе 22 триллион теңгеден астамы мемлекеттік қарыз екенін хабарлаған. Оның ішінде сыртқы қарыз 7 триллион теңге яғни 16 миллиард доллардан асады екен. Ал мемлекетттік қарыздың басым бөлігі ішкі қарыздан тұрады, оның көлемі 14 триллион теңгеден асады.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, ішкі қарыздың басым бөлігі, атап айтқанда 10,9 триллион теңгеден астамы мемлекеттік ұзақ мерзімді қазынашылық міндеттемелер бойынша жиналған. Ал 1,2 триллион теңгеден астам сома – мемлекеттік орта мерзімді қазынашылық міндеттемелер бойынша, ал 1 триллион теңгеден астам сома – мемлекеттік ұзақ мерзімді жинақ қазынашылық вексельдері бойынша жиналған қарыздар екен. Ал TONIA мөлшерлемесі бойынша индекстелген мемлекеттік қазынашылық міндеттемелер сомасы 814 миллиард теңгеден асады.
Сыртқы мемлекеттік қарыздың жалпы көлемінің үлкен бөлігін халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері құрайды.
Оның ішінде Халықаралық қайта құру және даму банкіне – 1,6 триллион теңге, Еуропа қайта құру және даму банкіне – 54 миллиард теңге, Азия даму банкіне – 908 миллиард теңге, Ислам даму банкіне – 38 миллиард теңге қарыз. Ал Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкіне беретін қарыз 326 миллиард теңгені құрайды. Қытай Халық Республикасының Экспорт-импорт банкіне – 56,8 млрд теңгеден астам, сондай-ақ Шетелдік коммерциялық банктерге берешегіміз 92,5 млрд теңгеден асады.
Көрші Ресей нарығында орналастырылған мемлекеттік бағалы қағаздар 514 миллиард теңгеден асады. Жалпы шетелдік коммерциялық банктерге, шет мемлекеттердің мемлекеттік ұйымдарына беретін берешек – сыртқы мемлекеттік қарызға жатады.
Олардың қатарында Кувейт Араб экономикалық даму қоры бар, оның қарызы 852 миллиард теңгеден асады. Ал Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігіне 115 миллиард теңгеден астам, Германия үкіметінің несиелік агенттігі үш миллиард теңге қарызымыз бар.
Жалпы сыртқы қарыздың еурооблигациялары төрт триллион теңгеден асады. Қаржы министрлігінің болжамы бойынша мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімнің 30 пайызынан аспауы керек. Оны реттеу мақсатында министрлікте жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, делінген Қаржы министрлігінің жауабында.