Жаңалықтар

ҚТЖ пойыздарында багаж тасымалдау 27%-ға артты

2023 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында 4 мың тоннаға жуық жүк багажы тасымалданды. Багажды тасымалдау өткен жылдың сәйкес көрсеткішімен салыстырғанда 27% өсті. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ 5 маршрут бойынша багажды және жүк-багажды тасымалдау бойынша қызметтер көрсетеді. Қазақстанда 16 багаж бөлімшелері мен пункттері жұмыс істейді.

Артық қол жүгін, жүкті немесе жүк-багажды тасымалдау теміржол вокзалындағы багаж бөлімшесінде алдын ала (пойыз жөнелтілгенге дейін кемінде 1 сағат бұрын) ресімделеді.

Сәлемдемелерді жолсеріктер арқылы жіберу заңсыз болып табылады. Ресімделмеген багажды немесе жүк багажын қабылдаған жолсерік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жұмыстан шығарылуы да мүмкін.