Сұйытылған газ бағасы қымбаттайды – Энергетика министрі

Жарияланды

Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы литріне кемінде 70 теңгеге дейін көтеріледі. Бұл жайлы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. Министр бағаның көтерілуі өндіруші компаниялардың отынды ең аз шығынмен өндіруі үшін қажет.

«Қазір әр аймақта баға әртүрлі. Әлеуметтік жағдайды ескерсек, алғашқы өсім көп болмайды, 5-10 теңгеден артық емес. Содан кейін мемлекет басшысы қандай мерзімде өзіндік құнына жететінімізді анықтауды тапсырды. Үкіметпен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және депутаттармен бірлесе отырып, ол кезеңді нақтылайтын болсақ, шамамен үш жыл көлемінде өзінің нарықтық бағасына көшеміз, болмаса төрт немесе екі жылдан кейін көшеміз. Осы уақыт аралығында біз есеп-қисабын шығарып, дайын болғанда сіздермен баға динамикасына қатысты ақпаратпен бөлісеміз», деді министр.

Оның айтуынша, өндірушілер сұйылтылған мұнай газының литрін 50 теңгеден сатуға мәжбүр, ал оның өзіндік құны 70 теңге.

«Көптен бері баға мәселесі талқыланып келеді, біз бұл туралы үнемі айтып келеміз. Яғни, өзіндік құны литріне 70 теңгеден жоғары болады, ал қазір 50 теңгеден сатылып жатыр. Компаниялар шығынмен жұмыс істеп жатыр. Салыстырып қарасақ, Ресейде баға екі есе жоғары. Шамамен 120 теңге, Тәжікстанда – 177 теңге. Ол жерде расымен де, нарықтық бағалар. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, сұйылтылған газды көлікке отын ретінде пайдаланған кезде, газды артық өндіретін елдер оның құнын бензин бағасының 70% коэффициентінен есептейді. Сол жағдайда ғана бұл тиімді экономикалық механизм саналады», дейді министрлік басшысы.


Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның сұйылтылған мұнай газының ішкі нарықтағы қажеттіліктерін өтеу үшін «Теңізшевройлға» жүгінетінін, сондай-ақ экспорт көлемін жергілікті нарыққа қайта бағыттау арқылы жүзеге асырып отырғанын айтты. Сұйылтылған мұнай газы және 205 және 295 теңге тұратын АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасының арасындағы айырмашылыққа байланысты, тұтынушылар автокөліктерін жаппай сұйытылған газға көшіруде. Сондықтан елде автогаз тапшы бола бастаған. Бүгінде оның көлемі ондаған мың тоннаны құрайды екен.

«Бізде айтарлықтай айырмашылық бар, қазіргі күні автокөліктерін газға ауыстырып жатқан автокөлік жүргізушілері бағаның көтерілуі мүмкін екенін ескеруі керек. Газ тапшылығына байланысты көптеген экономикалық факторлар бар, болашақта қымбатырақ газ импорттау қажеттілігі немесе ішкі нарыққа газды экспорттық бағамен жеткізу мәселесі туындайды», деді ол.

Десе де, ол автогаз бағасының қашан көтерілетінін нақты айтпады, тек «таяу болашақта» яғни «екі, үш ай» көлемінде баға литріне 5-10 теңгеге қымбаттайтынын жеткізді. Оның айтуынша, литріне 70 теңге болса, сату құнымен қатар, өндірушілер үшін де тиімді болады.

«Мен 70 теңгеден асатын өз баға туралы және табыс нормасы реттелуі керек дегенді айттым. Бұл жерде біз 15% табысты құрайтын халықаралық нарық туралы айтып отырған жоқпыз. Біз реттелетін сектор үшін инвестицияларды және акционерлерді қандай да бір табыспен қамтамасыз ету үшін табыс көлемін 5% жоғары болуы туралы айтып отырмыз», деді ол.

Бұған дейін Қазақстанның жанармай қауымдастығы (ҚЖҚ) бензин мен дизельдік отынмен салыстырғанда арзан газды пайдалану үшін республикада автокөліктерді сұйылтылған газға көшіру үрдісі қарқын алғанын атап өткен болатын.
«Біз тұтыну көлемінің шамадан тыс артып бара жатқанын көріп отырмыз. Автомобиль көлігін алып қарасаңыз да, өсім 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Өйткені газ бағасы автокөліктердің газға көшуін ынталандыра түседі, ал Қазақстанда жаңа өндіріс жоқ деуге болады», деді ҚЖҚ өкілі Курсивке берген сұхбатында.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда тоғызға жуық сұйық мұнай газын өндіруші мен үш ірі мұнай өңдеу зауыты бар. СМГ-ның шекті бөлшек сауда бағасы мемлекет тарапынан реттеледі және ол бір жылдан астам өзгерген жоқ. Ол әр аймаққа байланысты литріне 50-70 теңгені құрайды. Жанармай бағасының айырмашылығына байланысты автогазды тұтыну дәстүрлі бензин мен дизель отынына деген сұранысқа қарағанда жылдам өсуде.
Мысалы, Атырау мен Ақтауда бір литр автогаздың бөлшек саудадағы бағасы 50 теңге болса, Қазақстанда АИ-92 жанармайының бөлшек сауда бағасы қазір 205 теңге, ал дизель отынының литрі 295 теңге. ҚЖҚ өкілінің айтуынша, кейбір өндірушілер сұранысқа ие автогаз өндірісінің көлемін қысқартып жатыр.
«Егер CNPC бұрын 50 мың тонна газ өндірсе, қазір 40 мың тоннадай өндіреді. Қазірдің өзінде минус 10 мың тонна. Жаңа кен орындарына қаражат салғысы келмейді», деді ол.
Оның пікірінше, арзан газ автокөлік жүргізушілерінің бензин мен дизельдік отыннан осы отын түріне көшуін ынталандырады.
«Баға төмен болса, сенде газ сәйкесінше жеткіліксіз болады. Біз бұндай баға арқылы көпшіліктің дизельдік отын мен жанармай отынынан газға көшуін ынталандыра түсеміз. Ал көтерме бағамен жаңа өндірісті ынталандыра алмаймыз. Яғни, жаңа нәрсе жоқ, сәйкесінше ескіні бітірген соң, жай ғана отырамыз», деді ол.
ҚЖҚ өкілі газдың көтерме бағасы тоннасына 66 мың теңгеден кем болмауы керек деп санайды. Сонда ғана өндірушілер шығынсыз жұмыс істейді.
«Жоба өз шығынын өтеуі үшін газдың көтерме бағасы 66 000 теңге болуы керек. Бұл қазіргі бағадан 30 000 теңгеге артық. Министрлік жаңа өндіріс болатынын айтады, бірақ көтерме баға көтерілмейінше – қазіргі бағамен оның жүзеге асуы қиын. Тысм болмаса қазір жұмыс істеп тұрғандарын сақтап қалған дұрыс», дейді ҚЖҚ өкілі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда 4,4 миллион жеңіл көлік, оның ішінде 3,9 миллион жеңіл автокөлік, 447 мың жүк көлігі және 93,2 мың автобус тіркелген. Бензинмен жүретін жеңіл автокөліктер – 3,5 млн жеңіл, жүк көліктері – 189,9 мың, автобустар – 56,2 мың. Дизель отынымен жүретін жеңіл автокөліктер – 76 мың, жүк көліктері – 232,9 мың, автобустар – 28,5 мың. Газбен жүретін жеңіл автокөліктер – 4,2 мың, жүк көліктері – 2,7 мың, автобустар – 2,6 мың. Аралас отынмен жүретін жеңіл автомобильдер (бензин, дизель отыны, газ және электр энергиясы) – 322,4 мың, жүк көліктері – 11,1 мың, автобустар – 3,7 мың. Электр қуатымен жүретін жеңіл автокөліктер – 812 дана, жүк көліктері – 170, автобустар – 109. Сонымен қатар, қандай отын тұтынатыны нақтыланбаған 54,5 мың жеңіл көлік, 9,8 мың жүк көлігі және 2,1 мың автобус бар.
Бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жол картасының жобасын әзірлеп, оған сәйкес Қазақстандағы сұйытылған газдың бағасы 2023 жылы реттелуі тиіс болған, бірақ әзірге бұл жоспарлар орындалмаған.
2022 жылдың қаңтарында негізгі автомобиль отыны ретінде сұйытылған газды пайдаланатын Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында газ бағасының өсуіне байланысты митингілер өтті. Өңірде сұйытылған газдың бағасы литріне 60 теңгеден 120 теңгеге дейін өсті. Одан кейін наразылықтарға басқа қалалардың тұрғындары да қосылды. Елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үкімет Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасын литріне 50 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыз