Жаңаөзенді дамытудың кешенді жоспары қабылданды – Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста Жаңаөзен қаласының жағдайы да сөз болды.
Жиында баяндама жасаған Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың дерегінше, биыл өңірде 39 мың жұмыс орны, соның ішінде 32,5 мың тұрақты жұмыс орынын ашу жоспарланып отыр. Оның айтуынша, жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін облыс бюджетінен 1,4 млрд теңге бөлінген.
Дегенмен, әкімнің дерегінше облыстағы өзекті мәселе – еңбек дауы. Есептік кезеңде 17 еңбек дауы тіркелді. Соның ішінде төртеуінде 3 сағаттан астам тоқтау болды. Қазір 5 еңбек дауы шешілді. 12-сі мониторингте тұр.
«Бұл мәселелерді шешуде үш жақты өңірлік комиссияның, ведомствоаралық штабтың қабылдаған шешімдері оң нәтижесін беріп отыр. Еңбек дауын шешуде Президент әкімшілігімен, үкіметпен тікелей байланыстамыз. Қажетті шаралар қабылданып жатыр» деді Нұрлан Ноғаев.
Жаңаөзен қаласында жақында жұмыссыздыққа қатысты митингтер өтіп, оған қатысушылар Астана қаласына келіп, өз құқықтарын талап еткен болатын.
Нұрлан Ноғаев баяндамасын аяқтағаннан кейін, Мемлекет басшысы Жаңаөзен қаласында жақында болған жарылысқа қатысты жағдайды баяндауын сұрап, оның салдарын тез арада жою керек екенін айтты.
«Жаңаөзенде болған жарылыстың салдарын жою жұмыстарын тез арада бітіру қажет. Жалпы, Жаңаөзен – мұнай-газ саласына ғана қарап отырған моноқала. Сол себепті, біз оны дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылдадық. Осы құжатты мейлінше жүзеге асыру керек. Үкімет те бұл жұмысқа жауапты болады» деді Президент.
Сондай-ақ, Президенттің пікірінше,батыс өңірлердегі жастардың көбіне мұнайшы болуға деген талпынысы дұрыс емес.
«Батыста, әсіресе, Маңғыстауда, жастар көбіне мұнайшы болғысы келеді. Бұл – дұрыс емес. Мұнай қоры таусылғанда аймақтағы ахуал тіпті күрделі болып кетуі мүмкін. Сондықтан жастардың басқа да кәсіптерді игеруіне жағдай жасауымыз керек. Бұл жұмысты арнайы жоспар бойынша атқару қажет. Мысалы, бүгінгі заманның өзекті саласы – ақпараттық технологиялар. Осындай технологияларды Маңғыстау облысын дамыту ісінде қолдануға болады. Жалпы, біз көзі ашық, білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек. Өскелең ұрпақ келешекке сеніммен қарауы қажет. Бұл үлкен жұмыс. Бұл әкімнің, Үкіметтің құзырында тұрақты түрде болу керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев