«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы үш жылдық үзілістен соң, 24 сәуірден бастап, қайта ашылады. Бұл туралы Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қорғас» ШЫХО әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жұмысын тоқтатқанына 3 жылдан астам уақыт өтті. Өткен үш жыл ішінде Басқарушы компания Орталықтың қызметін жақсарту және барлық бизнес процестерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар атқарды» делінген хабарламада.
Ал, 2023 жылдың 24 сәуірінен бастап «Қорғас» ШЫХО қалыпты жұмыс режиміне қайта кірісетін болады.
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы – бұл «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолы» экономикалық белдеуі стратегиясы аясындағы әлемде теңдесі жоқ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен әрі бірегей жобасы» делінген орталықтың ресми сайтында.
Оған Қазақстан тарапынан барғандар айына бір рет салмағы 25 кг болатын немесе құны 500 евро тұратын тауарларды бажсыз алып-шыға алады.
Бұған дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы бірінші тоқсанда 32%-ға өскені хабарланған еді. Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай өзара визасыз режимді енгізеді.