«Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайыздық несие алу тәртібі қандай?

Жарияланды
Фото: Kursiv.media


Кешегі өткен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов елдің «Ауыл аманаты» жобасына биыл 100 млрд теңге бөлінетінін айтты.
«Ауыл аманаты» жобасын Үкімет мүшелері өңірлерге барып, әкімдермен бірлесіп, оның мүмкіндіктерін халыққа жеткізіп жатыр. Жобаға биыл 100 млрд теңге бөлінді. Ол 2,5%-бен беріліп жатыр. Нәтижесінде ауылдағы 18 мың тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып қана емес, өз жеке кәсібін ашуға және оны дамытуға мүмкіндік алады», – деді Алтай Көлігов.
Көршілікті қызықтырған, пайыздық мөлшерлемесі өте төмен бұл қандай несие? Ауыл халқы бұл несиені қалай алады? Қойылатын талаптары мен шарттары жеңіл ме? «Курсив» тілшісі жоба туралы ақпаратқа жан-жақты шолу жасады.
Бұл жоба AMANAT партиясымен бірлесіп, жүзеге асырылады. Жоба мақсаты ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және ауыл азаматтарын жұмыспен қамту. Негізінен бағдарламаның пилоттық жобасы Ақтөбе облысында күзден бастап, ал Жамбыл облысында пилоттық режимде 2019 жылы басталып, сәтті іске асырылды. Биыл оған 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа 17 мың микронесие беріліп, 18 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ.

Ал несиенің шарттары мынадай:
Пайыздық мөлшерлемесі – 2.5 %
Мерзімі – 5-7 жыл
Ең жоғарғы қарыз мөлшері – 8.6 млн теңге
Коопертивтер үшін – 27.6 млн теңге

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер; жеке кәсіпкер ретінда тіркелмеген бірақ, тауарларды өндіру немесе өткізумен айналысатын, жұмыстарды орындауды және қызмет көрсетуді дербес жүзеге асыра алатын тұлғалар және еңбекке қабілетті, өз кәсібін бастауға ниетті ауыл мен шағын қала тұрғындары ала алады.

«Бұл несие тек ауылдар мен шағын қала тұрғындарына арналған. Бізге ақпарат сұрап, қала тұрғындары да хабарласып жатады. Бірақ бұл – ауылды дамытуға арналған бағдарлама. Сондықтан бұған көпшілік түсіністікпен қарағаны жөн. Елімізде бұған дейін мұндай бағдарлама болған емес. Бұрын осыған ұқсас бағдарлама болды, онда көпбалалы отбасыларға ғана 4 пайызбен берілген. Ал қазір мұның ауқымы кеңейді. Бұл жоба әр өңірде жергілікті басқару органдары арқылы жүзеге асырылады. Олар қаржы бөлетін операторларды анықтаса болды, ақша дайын тұр», дейді Ауыл шаурашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы, Дамир Егізбаев.

Кредит алуға ниетті азамат жергілікті әкімдікке келіп, өтініш береді. Ол өтініш аудандағы оператор – ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне жолданады. Ал кооператив рұқсат берсе болды, мәселе шешілді деген сөз. Қазақстан фермерлер қауымдастығының, Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Берік Сариев бұл жобаға қатысудың оңай екенін айтады.

«Негізінен шарттары да оңай. Сұралатын құжаттар да көп емес. Біріншіден кепілдікке қойылатын мүлкің болуы керек. Мәселен, ауылдағы үйің немесе техника, көлік болуы мүмкін. Шыны керек, қазіргі уақытта ауылдағы үйлерді кепілдікке қойып, қандай банк кредит беріп жатыр? Сондықтан да, бұл мүмкіндікті жастар пайдалануы керек», дейді.

Пилоттық жоба ретінде Жамбылда басталып, Ақтөбеде осы күзден бері жалғасып келе жатқан бұл жобаға әзірге ауыл халқы қатты қызығушылық таныта қоймапты. Өйткені ақпарат жетіспейді.

«Біздің облыста, халықтың мұндай жобадан хабарсыз қалмауы үшін «Ауыл аманаты» қоры құрылған. Қазір онда ылғи жастар жиналып, ауыл тұрғындарына арналған тренингтер өткізіп тұрады. Яғни жобаға қатысам деген ауыл тұрғындары сол қорға хабарласып, жоба туралы, жинау керек құжаттар туралы біліп, тіпті бизнес жоспар құруды да үйрене алады», дейді Берік Сариев.


Мал өсірем деген шаруа үшін жақсы мүмкіндік. Десе де, ауыл тұрғындарының басты мәселесіне айналған жайылымдық жер тапшылығы қалай шешіледі? Малмен айналысу үшін ауыл тұрғынына мал жаятын жайылым, шөп шабатын шабындық керек.

«Біздің өңірде ондай мәселе жоқ. Жайылымдық жер тапшылығы үлкен қалалар орналасқан өңірлерде бар шығар. Бірақ Ақтөбе өңірінде ондай қиындықтар әзірге болған жоқ. Неге десеңіз, ірі-қара өсірумен айналысатын кәсіпкерлер ауылға жақын отырудан қашады. Себебі олар етті, сүтті немесе асыл тұқымды мал бағады. Ондай малдардың екпесін егіп, барынша түрлі ауру ошағынан алшақ ұстауға тырысады. Ал ауылда әркімнің малы әртүрлі. Екпе уақытымен егілді ме, жоқ па біле алмайсың. Сондықтан да біздің кәсіпкерлер ауылға жақын жер алмауға тырысады. Соның есебінен біздің өңірде жайылымдық жер тапшылығы жоқ», дейді Қазақстан фермерлер қауымдастығының Ақтөбе облысындағы өкілі Берік Сариев.


Сондай-ақ оқыңыз