Жаңалықтар

Депутаттар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін салық пен төлемнен босатуды сұрады

Фото: shutterstock.com

Депутаттар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтар мен төлемдердің барлық түрлерінен босатуды сұрады. Мәжілісте «Ауыл» партиясы мен Жалпы ұлттық социал демкоратиялық партиясының депутаттары Премьер-министрге ауыл жағдайына қатысты депутаттық сауал жолдады.

Мәжілімендер ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету екенін алға тартады.

«Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімін шығару, қайта өңдеу, өткізу, экспорттау, импорттау бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан да босату. Бұл Ауыл партиясының сайлауалды бағдарламасында ерекше көңіл бөлінген мәселенің бірі», деді Қарақат Әбден.

Депутаттар егер ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын өндірушілер салықтан босаса бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – азық-түлік тауарларының қымбаттауына тосқауыл болады деген ойда.

Еліміздің тұтас ауылшаруашылық саласы, соның ішінде ірі агрохолдингтер барлық салықтарды қоса алғанда жылына шамамен 50 млрд теңге салық төлейді екен. Бұл еліміздің бюджетіне түсетін барлық салық түсімдерінің нөл бүтін оннан бес пайызына да жетпейді. Ел экономикасы мұндай салық жетіспеушілігін көтере алады деп санайды депутаттар. Ал дәл осы салықтан босату шарасы ауыл шарушылығының тұрақты дамуына және сол арқылы шығындардың кіріс ретінде мемлекеттік қазынаға еселеніп қайтуына оң ықпал етеді деп болжанып отыр.

Жалпы ұлттық социал демократиялық партия фракциясының депутаттары Қазақстанның солтүстік өңіріндегі елді-мекендердің мәселесін көтерді. Олар кейбір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің ауыл тұрғындарының жер үлесіне қатысты заңсыздықтарға жол бергенін айтты.

«Мен жердің үлескерлердің келісімінсіз кепілге қойылғанын атап өткім келеді. Ал, ауыл тұрғындары серіктестік басшыларының заңсыз әрекеттері фактілері бойынша өтініш берген, алайда прокуратура оларды субъектінің шаруашылық ісіне араласуға құқы жоқ деп қайтарған. Ал ауыл тұрғындары шаруашылық ісіне араласуды емес, заңсыз кепілге алған жерді ретке келтіруді сұраған», деді Асхат Рахимжанов.

Негізінде ауыл тұрғындары ЖШС құрамына өз үлестерімен кірген. Олардың серіктестіктегі үлесі 5-10 пайызды құрайды. Серіктестік құрамына аларда олардың жерін өте арзанға бағалаған. Ал бұл жерлерді қаржылық институттарға кепілге қойғанда үлескерлердің жерлері миллион немесе миллиарда теңгеге бағаланған. Осылайша үлескерлер өз жерінен пайда көре алмай отыр. Осыны негізге алған депутаттар үлескерлер санын белгiлеу мақсатында жер қорына тексеру жүргiзудi, сондай-ақ қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне екiншi деңгейдегi банктер бөлген несиелердiң шартты үлестермен және ауыл тұрғындарының жер пайдалану құқығын қамтамасыз етудiң заңдылығын тексеруін сұрады.