Алматыдағы Baganashil Hills коттедж қалашығының үйлері бұзылуы мүмкін  

Жарияланды

Фото: b-hills.kz

Baganashil Hills коттедждерін салып жатқан Sensata Group компаниясының үстінен сотқа арыз түсірілген. Олар құрылысты заңсыз жүргізіп отыр. Бұл туралы Алматы қалалық қала құрылысы басқармасының басшысы Бақытжан Наурызбеков мәлімдеді.

«Біз сотқа ғимаратты бұзу туралы -шағым түсірдік. Ол жерде 10-ға жуық нысан: жеке тұрғын үй, екі қабатты үйлер заңсыз салынып жатыр. Құрылысқа тыйым салу туралы талап-арыз дайындап жатырмыз», – деді Наурызбеков.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Бостандық ауданы халқымен кездесуінде Бостандық ауданының тұрғыны Baganashil Hills коттедж қалашығын қатысты мәселе көтерді.

Тұрғынның айтуынша, ол жердегі 74 үй 15 жыл бұрын топырақпен тегістелген жыраға салынып жатыр. Жаңа құрылыстың кесірінен бұрын салынған үйлердің қабырғалары жарыла бастаған.

«Бұл жыра кеуіп кеткен өзен сағасы еді. Уақыт өте келе бәріміздің бас ауруымызға айналуы ықтимал. Өйткені тартылып қалған су қайта келуі мүмкін», деді тұрғын.

Baganashil Hills коттедж қалашығы Бағанашыл шағын ауданында, Әл-Фараби даңғылының жоғары жағында орналасқан. Коттедж қалашығы сайтындағы дерекке сүйенсек, Baganashil Hills – элиталық коттедж қалашығы.

Жобаны «Everest Development» ЖШС мен Sensata Group жүзеге асырып жатыр.

Egov электронды үкімет порталының мәліметінше, «Everest Development» ЖШС құрылтайшысы – «Everest Capital Management» ЖШС. Оған Данияр Жанбеков пен Андрей Ким. pk.uchet.kz сайтының хабарлауынша, компанияның қызметі – тұрғын үйлер салу.

Сондай-ақ оқыңыз