Фото: shutterstock.com
Қазақстанның бүкіл мемлекеттік шекарасының тек 16%-ы техникалық күзет құралдарымен жабдықталған. Қалған бөлігін шекарашылар күзетіп тұр. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Сенат кулуарында айтты. Одан журналистер «Қазақстан – Ресей шекарасындағы күзет күшейтіле ме?» деп сұрады.
Ерлан Алдажұманов Қазақстан-Ресей шекарасын шекарашылар күзетіп тұрғанын, күзетті одан әрі күшейтуге шекара қызметінің штатындағы күш пен қажат жетпейтінін мәлімдеді.
«Негізінде қандай да бір жағдай орын алса, мемлекеттік шекарамыздың кез келген бағытын жабатын резерв бар», – деді Қазақстан Шекара қызметінің басшысы.
Қазіргі кезде қырғызбен шекараны бекемдеуге назар аударылып отыр. Өйткені контрабанданың басым бөлігі сол жақтан келеді екен.
«Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік шекарасының тек 16 пайызы ғана шекараны техникалық қорғау құралдарымен жабдықталған. Бұл өте аз. Негізінен бұл қытай жағы. Шекараның басым бөлігін адамдар күзетеді», деді Алдажұманов Сенат отырысында.
Оның айтуынша, техникалық құрал-жабдықтарға ақша біртіндеп бөлініп жатыр. ҰҚК басшысының орынбасары қажетті соманы айтқысы келмеді. Бірақ бір шекара бекеті 20 шақырым шекараны күзететінін атап өтті. Бұл аумақты техникалық құралдармен жабдықтау үшін 2,9 миллиард теңге қажет. Ал Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы 15 132 шақырым десек, шекараны түгел жабдықтауға 43,8 триллион теңге қажет.
Алматы облысы ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев қашып кеткеннен кейін, Қазақстанда мемлекеттік шекараны қорғауға қатысты мәселелер жиі талқылана бастады. Журналистер ҰҚК мен басқа да органдардан генералдың ешкімге білдіртпей шекараны қалай кесіп өткенін сұрады. ҰҚК-нің соңғы мәліметі бойынша, Күдебаев жеке шаруашылығы орналасқан Қырғызстанмен шекаралас тау арасымен қашып кетуі мүмкін. Бас прокуратура айыпталушының Қырғызстан арқылы Түркияға транзитпен ұшып кеткенін мәлімдеді. Қазір ол көрші елдің тәртіп сақшыларымен бірге іздестіріліп жатыр. Іздеу жұмыстарына барлығы 300-ден астам адам жұмылдырылған.