Қазақстанның мұнай-газ саласындағы машина жасау әлеуеті қандай?

Жарияланды

Әдетте мұнай-газ бен машина жасау – екі бөлек сала. Бірақ мұнай-газ саласындағы машина жасау ісін дамытуға екі тарап та мүдделі. Жақында саладағы жауапты азаматтардың қатысуымен осы мәселе жоғары деңгейде талқыланды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шарханның айтуынша, басым бағыттағы тауарлар мен өндірісті локализациялау бойынша жұмысты одан әрі нығайту үшін жергілікті кәсіпорындардың мүмкіндіктерін бағалап, тізімін жасаудың маңызы зор.

«Отандық өнеркәсіпті дамытып, шағын және орта бизнесті қолдау – халқымыздың әл-ауқатын арттырудың кілті. Импортты алмастыруға қауқарлы отандық өндірушілерді осы бағыттағы жұмысқа барынша тартып, жаңа жобаларды құру мен іске асыру мәселесін пысықтау қажет. Қазір министрлік отандық өндірушілердің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растау кезінде сертификаттауға жұмсалған шығындарын өтеу мәселесін қарастырып жатыр», деді вице-министр.

Оның сөзінше, былтыр машина жасау саласындағы өндіріс көлемі артты

«Мұнай және газ машина жасау халықаралық ІMB орталығы ірі мұнай-газ жобаларындағы технологияларды трансферттеу мен оқшаулауға ықпал ету бойынша жұмыстарды қолға алды. Елімізде жыл сайын машина жасаудың өсу қарқыны тұрақты және тиімділігін көрсетіп жатыр. Саладағы өндіріс көлемі 2022 жылы 3,1 трлн теңге болды және 2021 жылмен салыстырғанда 35 пайызға артты», деп атап өтті ведомство өкілі.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, республиканың ішкі нарығы 20 млрд долларға тең болған. Осы орайда отандық өндірістің үлесі 12,5 пайыздан аспайды. Машина жасау құрылысы тауарларын ірі операторлардың сатып алуы өткен жылы 171 млрд теңгеден асқан. Мемлекет ішіндегі құндылықтың үлесі 2,1 пайызды көрсетті. Ал 2021 жылы машина құрылысы саласында тауар сатып алудың жалпы сомасы 144,6 млрд теңге болыпты.

Сондай-ақ министрлік өкілі өнеркәсіпті мемлекет тарапынан жандандыру мақсатында отандық операторларға 51,7 млн теңге көлеміндегі шығын қайтарылғанын да хабарлады.

«Статистика көрсеткендей, мемлекет ішіндегі 3 ірі оператордың сатып алудың құндылық үлесінің жоғары көрсеткіші машина жасау саласындағы тауар есебінен емес, сатып алынатын жұмыс пен қызмет есебінен орын алады. Мемлекет тауар сатып алудың төмен көрсеткіштеріне ірі мұнай-газ операторларының қымбат тұратын ASME, API, IEC, ATEX сынды халықаралық сертификаттарды талап етуі және оның жергілікті өндірушілерде болмауы себеп болып отырғанын түсініп отыр», деп атап өтті вице-министр.

Халықаралық Машина жасаушылар одағының бас директоры Марат Кәрімовтың айтуынша, салада түрлі заң бұзушылықтар да толып жатыр. Өндіруші атын иеленіп, бірақ ештеңе өндірмейтін кәсіпорындар да толып жүрген көрінеді.

«Қазақстанда тауар шығаратын кәсіпорындардың тізімін алдық та кім қағаз түрінде шығарам деді бәріне бардық. Оның ішінде кейбіреулері шығармайтын болды. Сатушы болып шықты. Кейбіреу шығаратын болды. 120-дан астам кәсіпорынды араладық. Қазіргі таңда соның ішіндегі жоғары әлеуеті бар тауарларды шығароатын 6 кәсіпорынға жеке даму жоспарын дайындап біттік», дейді Марат Кәрімов.

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов отандық зауыттардың потенциалын оң пайдалансақ, тиісті нәтижеге қолжеткіземіз дейді.

«Сонда бізде жаңа жұмыс орындар пайда болады. Біздің мамандар сол халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейді және біздің жергілікті компаниялар шетелдік үздік кәсіпорындармен бірге бірлескен кәсіпорындар ашса, технологиямыз, жалпы, өндірістің дамуы жаңа дәрежеге шығатыны сөзсіз», дейді.

Форум қорытындысында қатысушылар өндірістегі қазақстандық үлесті арттыру, импорттық тауарларды азайтып, өндірісті халықаралық талаптарға сәйкестендіру мәселесінің өзекті екенін, алдағы уақытта осы бағыт бойынша жұмыстар атқаруға дайын екендіктерін айтып тарқасты.

Сондай-ақ оқыңыз