Жаңалықтар

«ҚазТрансОйл» өз құбырларымен ішкі нарыққа мұнайды тасымалдау тарифін көтермек

  

  «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық құбырлар жүйесі арқылы ішкі нарыққа мұнай тасымалдау бойынша реттеліп көрсетілетін қызмет тарифін көтеру қарастырылуда. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

 «ҚазТрансОйл» Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетіне 2021-2025 жж арналған ішкі нарыққа мұнайды компанияның магистральдық құбыр жүйесі арқылы тасымалдау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтің бекітілген тарифін өзгерту туралы өтініш жолдады.

«Қазақстан Республикасының ішкі нарығына мұнайды тасымалдау қызметіне тариф жобасы 1000 шақырымға тоннасына 5 012,42 теңгені құрады, бұл бекітілген тариф деңгейінен 656,86 теңге немесе 15%-ға жоғары» делінген хабарламада.

 Дегенмен, өзгертілген тарифті бекіту және оның деңгейін анықтау туралы түпкілікті шешімді Табиғи монополияларды реттеу комитеті қабылдайды.

«ҚазТрансОйл» мұнайды ішкі нарыққа айдау жөніндегі көрсетілетін қызметіне бекітілген тарифті өзгертуге экономикалық қызмет түрлері бойынша бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысын өзгерту әрекеті негіз болып отыр.

«Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтер табиғи монополия субъектісінің қызмет көрсетуге қажетті шығыстардың құнынан төмен болмауға және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп пайда алу мүмкіндігі ескерілуі тиіс» делінген хабарламада.

  «ҚазТрансОйл» АҚ – магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық операторы. Ұзындығы 5,4 мың км әртараптандырылған магистральдық мұнай құбыры желісіне иелік етеді.