Судандағы қақтығыс кезінде қаза тапқандар саны артты

Жарияланды

Судан армиясы мен жедел әрекет ету күштері (арнайы жасақ) арасында жалғасып жатқан қарулы қақтығыстың алтыншы күнінде қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны 330-ға жетіп, 3200 адам жарақат алды. Бұл туралы Аstanatv.kz Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.

«Қақтығыс басталғалы бері бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар саны 330-ға дейін өсті, 3200 адам жараланды», – деп хабарлайды Asharq телеарнасы ДДСҰ деректеріне сілтеме жасап.

Бұған дейін ұйым 300-ден астам адам қаза тауып, 2,6 мыңнан астам адам жараланғанын хабарлаған болатын.

Өз кезегінде Судан дәрігерлері комитеті бейсенбі күні кем дегенде 198 бейбіт тұрғынның ұрыс құрбаны болғанын, 1 мыңнан астамы жараланғанын хабарлады.

Ел астанасы Хартум мен көрші Омдурман қаласында болып жатқан жарылыстар мен атыс салдарынан мыңдаған тұрғын қашып шығуға мәжбүр болды. Қантөгістің әзірге тоқтайтын тұрі жоқ.

Қарулы қақтығыс елдің қазіргі армия басшысы – елдің іс жүзіндегі билеушісі Абдел Фаттах әл-Бурханға адал күштер мен оның екінші қолбасшысы, Хемедти деген атпен белгілі, RSF әскерилендірілген тобын басқаратын Мохамед Хамдан Дагло арасында жүріп жатыр. Екеуі де Африканың табиғи ресурстарға бай үшінші елін бақылау үшін тартысып жатыр.

ЕО бейсенбі күні атысты тоқтатуға шақырды. Брюссельде Еуропалық Одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррелл: «Соғыс тоқтатылуы керек» деп мәлімдеді.

Ол сондай-ақ тараптарды бейбіт тұрғындарды қорғауға және гуманитарлық көмекке тез және кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз